Павлодарда спорт орталық қызметкерлері «өлі жандарға» 15 миллион теңге жалақы төлеген
Кінәлі азаматтар сотталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Биыл «Спорт» жедел профилактикалық іс-шарасы шеңберінде Павлодар қаласының балалар-жастар спорт орталығында алдын ала сөз байласу бойынша бір топ адам жалақыны және басқа да төлемдерді заңсыз аударғаны анықталды.
– Жалпы сомасы 15 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын ұрлау схемасы тоқтатылды. Мекемеде жұмыс атқармайтын тұлғаларға жалақы төленіп, басқа да аударымдар жасалған,– деді облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті екінші жедел басқармасы басшысының орынбасары Николай Пахомов.
Павлодар қаласы №2 сотының үкімімен қылмыскерлерді бас бостандығынан шектеуге 4,5 жылға жаза тағайындалды. Облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің статистикалық деректеріне сүйенсек, өңірде көбінесе мектеп пен балабақша бухгалтерлері ақша жымқырумен айналысуда.