Павлодарда табиғаттағы қауіпсіздік неге жіті бақыланады?
Табиғи жанудың алдын алу үшін бақылау күшейтілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде 49 мобильді топ жұмыс істеуде. Құрамында азаматтық қорғау органдары, жергілікті полиция, орман мекемелері және әкімдік қызметкерлері бар топтар қауіпті кезең басталғалы 1533-тен астам рейд өткізген. Нәтижесінде 238 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бір миллион 636 мың теңгеден астам айыппұл салынған.
Талаптардың сақталуы дрондар арқылы да бақыланады. Ұшқышсыз аппараттар мамандарға аумақты әуеден бақылап, ереже бұзғандарды анықтауға мүмкіндік береді.
Қазір облыста шөп шабу науқаны жүріп жатыр. Осы кезеңде көліктегі қауіпсіздік ережелерін бұзған 24 адам Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 589-бабы бойынша жауапқа тартылған. Айыппұлдың жалпы көлемі – 248 мың теңге.
– Табиғатты, мүлікті және елді мекендерді қызыл жалыннан қорғау үшін қарапайым сақтық шараларын орындау маңызды. Әсіресе, далада және орманда отты қараусыз қалдырмау, қоқыс пен шыны бөтелкелерді тастамау қажет, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденов.
Қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарындағы жағдай да назарда. Өңірде мұндай орындарда 27 жану фактісі тіркелген. Оның төртеуі бойынша төтенше жағдайлар департаменті әкімшілік хаттама толтырса, 23 материал экология департаментіне жолданған. Нәтижесінде кінәлілер тиісті жауапкершілікке тартылды.
Алдын алу жұмыстары рейдтермен шектелмейді. Өңірде қауіпсіздік мәдениетін арттыру мақсатында 339 дөңгелек үстел және тұрғындармен 300-ден астам кездесу ұйымдастырылған. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрақты түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Мамандар ыстық әрі құрғақ ауа райында табиғат аясында демалғанда от жағу тәртібін сақтауға, алауды қараусыз қалдырмауға және жанғыш заттарды қалдырмауға шақырады.