Павлодарда таныстарын алдаған әйел темір торға тоғытылды

Павлодарда таныстарын алдаған әйел темір торға тоғытылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

51 жастағы әйелге аса ірі мөлшерде бірнеше рет жасалған алаяқтық фактісі бойынша айып тағылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында таныстарын ірі көлемде алдау дерегі бойынша қылмыстық іс қаралды. 

Тергеу мәліметіне сүйенсек, 2020 жылдан бастап бес жыл бойы қала тұрғыны өзін табысты кәсіпкер ретінде таныстырып, 11 танысын және олардың туыстарын алдап, сенімдерін теріс пайдаланған. Осылайша ол жәбірленушілерден жалпы сомасы 200 миллион теңгеден астам қаржы алған.

Сотта айыпталушы өзін кінәсіз деп танып, ақтауды сұраған. Алайда прокурор мен жәбірленушілер оны бас бостандығынан айыруды талап етті. Айыпталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәлардың айғақтары және басқа да дәлелдермен расталды.

Сот үкімімен әйелді кінәлі деп танып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді. Әйелдің қолына сот залында кісен тағылып, бірден қамауға алынды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.