Павлодарда тауарды уақытында жеткізбеген компания сотта жеңілді
Апелляциялық саты өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы шешімді өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы «S» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің апелляциялық шағымын қарады.
Іс материалдарына сәйкес, «Т» АҚ мен «S» ЖШС арасында тегістейтін, тіректі және түрулі кескіштерді жеткізуге шарт жасалған. Алайда өнім беруші тапсырыс берушінің өтініштеріне қарамастан өз міндеттемелерін белгіленген мерзімде толық орындамаған.
– Сот алқасы шарттық міндеттемелердің толық орындалмағаны іс материалдарымен расталатынын анықтады. Апелляциялық шағымда келтірілген уәждер бірінші сатыдағы сот белгілеген мән-жайларды жоққа шығармайды, – деді облыстық соттың баспасөз қызметі.
Бұған дейін бірінші сатыдағы сот жауапкердің шарт талаптарын тиісінше орындамағанын анықтап, тапсырыс берушінің талап қоюын қанағаттандырған.
Апелляциялық саты бұл шешіммен келісіп, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды. Ал серіктестіктің шағымы қанағаттандырылған жоқ.
Қаулы заңды күшіне енді.