Павлодарда түнгі уақытта алкоголь өнімін заңсыз сату дерегі тоқтатылды
Әкімшілік іс қозғалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Қауіпсіз аула» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүргізілген рейдтік жұмыстар барысында Павлодар қаласы оңтүстік полиция бөлімінің №14 учаскелiк полиция пунктінің қызметкерлері түнгі уақытта алкоголь өнімін заңсыз сату дерегін тоқтатты.
Атап айтқанда, шамамен сағат 22:15 кезінде Майра көшесінде орналасқан дүкендердің бірінде құрамында 38% этил спирті бар алкоголь өнімін заңнамада белгіленбеген уақытта сату фактісі анықталды.
Аталған дерек бойынша сауда нысанының иесіне қатысты алкоголь өнімін өткізу қағидаларын бұзғаны және спирттік ішімдіктерді тыйым салынған уақытта сатқаны үшін әкімшілік іс қозғалады.
Полиция алкоголь өнімдерінің айналымы саласындағы заңнама талаптарын сақтамау жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады және кәсіпкерлерді белгіленген нормаларды қатаң сақтауға шақырады.