Павлодарда жағажайлардағы қауіпсіздік бақылауы күшейді
Осы мақсатта жағажайларда профилактикалық рейдтер өткізуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жазатайым оқиғалардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері жағажайлар мен су айдындарының жағалауында орналасқан жаппай демалыс орындарында профилактикалық рейдтер өткізуде.
Рейд барысында демалушыларға судағы қауіпсіздік қағидаларын сақтау қажеттігі түсіндіріліп, арнайы жабдықталмаған әрі шомылуға рұқсат етілмеген орындарда суға түсудің қауіптілігі жөнінде ескертіледі. Мұндай жерлерде су ағысының қатты болуы, су түбінің ойлы-қырлы болуы, су астындағы бөгеттер мен құтқару бекеттерінің болмауы адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері жағажайларда және бұл мақсатқа арналмаған жағалау аумақтарында от жағуға болмайтынын еске салады. Отты абайсыз пайдалану өрттің шығуына, қоршаған ортаға зиян келтіруге және адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Рейд кезінде демалушыларға судағы қауіпсіздік ережелері көрсетілген жадынамалар таратылып, ата-аналарға балаларды үнемі бақылауда ұстап, оларды бір сәтке де қараусыз қалдырмау қажеттігі түсіндіріледі.
Полиция азаматтарды өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, су айдындарында демалу кезінде белгіленген қауіпсіздік талаптарын сақтауға, суға түсер алдында алкогольдік ішімдік ішпеуге және тек арнайы жабдықталған, шомылуға рұқсат етілген жағажайларды таңдауға шақырады.
Қауіпсіздік талаптарын сақтау қайғылы жағдайлардың алдын алып, адам өмірі мен денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді.