Павлодарда жарық көрген Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің еңбектері ЮНЕСКО тізіміне енді
Халықаралық мәнге ие туындылардың қатарында поэзия, фольклор және тарихи зерттеулер бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Торайғыров университетінде жарық көрген Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 20 томдық шығармалар жинағы ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасының Азия-Тынық мұхиты өңірлік тізіліміне енді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Ерлан Қарин хабарлады.
Мұндай шешім Индонезияның Джакарта қаласында өткен Азия-Тынық мұхиты өңірлік комитетінің 11-отырысында қабылданған. «Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің баспа басылымдарының жинағынан» бөлек, тізімге Есік қорғанынан табылған күміс тостағандағы «Есік жазуы» да енгізілді. Бұл – Қазақстанның деректі және материалдық емес мәдени мұрасын ЮНЕСКО-ның халықаралық тізімдерінде ілгерілету жұмыстарының бір бөлігі.
Торайғыров университетінде басылып шыққан 20 томдық жинаққа бұған дейін жарияланбаған Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шығармалары, тарихи құжаттар, фольклорлық мұралар мен көне қолжазбалар енген.
– Алғашқы төрт томға бұрын жарияланбаған өлеңдері, дастандары, арнаулары, ғибраттық шығармалары мен басқа да еңбектері енгізілген. Бесінші, алтыншы, жетінші және он бірінші томдарда ақын жазып алған халық әндері, ертегілер, аңыздар, эпостар, мақал-мәтелдер, айтыстар мен әр дәуірдегі ақындардың шығармалары жинақталған. Сегізінші және оныншы томдарда қазақ хандары, батырлары, билері туралы тарихи деректер, шежірелер мен халықтың өткені жөніндегі мәліметтер қамтылған. Ал 12-20-томдарға әдебиет, тарих, фольклор, медицина, психология, педагогика және басқа да білім салаларына қатысты автордың жазбалары мен материалдары енгізілген, – деп хабарлады университет өкілдері.
Жинақтың құндылығын ғылыми түсініктемелер, қолжазбаларға жасалған мәтінтанулық талдау және әр шығарманың дереккөздері туралы мәліметтер арттыра түседі. Көптомдық басылым қазақ халқының рухани және тарихи мұрасын сақтауға, оны тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді.
Еске салайық, Павлодарда Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің мұрасына арналған халықаралық ғылыми оқулар өтті. Оған Қазақстаннан және шетелдерден 150-ге жуық ғалым, зерттеуші мен ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты. Іс-шара белгілі әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, мәшһүртану саласының дамуына зор үлес қосқан Қуандық Жүсіптің 85 жылдығына арналды. Ал Баянауыл ауданындағы Мәшһүр Жүсіп мемориалдық кешенінің ашылғанына 20 жыл толды. Мерейтойға орай «Мәшһүр Жүсіп кесенесі – рухани мұра» тақырыбында дөңгелек үстел өтті