Павлодарда жас отбасылар бақ сынасты

Отбасы күніне орай «Отбасым – мақтанышым!» байқауы ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Байқау жастар бастамаларын дамыту орталығының базасында «Кенжекөл жастары» жастар қоғамдық бірлестігі облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – жас отбасылардың шығармашылығын, ұлттық дәстүрді дәріптеуін және отбасылық құндылықтарды насихаттау. Конкурсқа облыстың әр аймағынан келген 10 отбасы қатысты.
Сайыс үш бөлімнен тұрды: «Визитка» – отбасын таныстыру, «Ұлттық дәстүр» – ұмыт бола бастаған әдет-ғұрыптарды көрсету, «Өнерлі отбасы» – ән, би, күй сынды шығармашылық өнерді паш ету.
– Бұл – кең ауқымды іс-шара. Оның басты ерекшелігі – отбасылық құндылықтарды насихаттау, ата-ананың рөлін айқындау және жастарға тәлім-тәрбие беру, – деді «Кенжекөл жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Жұлдыз Малдыбаева.
Сайысқа қатысушылар Баянауыл ауданы, Майқайың кентінен келген Олжас Құсайынұлы мен жұбайы Баянсұлу Айтмағамбетованың отау құрғандарына тоғыз жыл болған.
– Біз ұстаз әрі мәдениет қызметкерлері болып жұмыс істейміз. Бүгін сахнада қазақтың көнерген дәстүрлерінің бірі – танабау тағуды көрсеттік, – деді Олжас Құсайынұлы. – Отбасы – шағын мемлекет. Біз үшін ең үлкен құндылық – балаларымыз. Әкесі ұлдарына, анасы қыздарына үлгі болып, сенім мен сыйластыққа ерекше мән береміз. Балаларымызды спортқа, өнерге баулып жүрміз.
Сайыс қорытындысына сәйкес, қазылар шешімімен гран-приға 300 мың теңге, бірінші орынға 200 мың теңге, екінші орынға 100 мың теңге, үшінші орынға (екі отбасы) 50 000 теңгеден берілді. Сондай-ақ, қалған сегіз отбасы асхана сервизімен, сертификатпен және гүл шоқтарымен марапатталды.
«Отбасым – мақтанышым!» байқауы өңірдегі жас отбасылардың бірлігін, өнерін және ұлттық құндылықтарды дәріптеуін көрсетті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар жас буынға тәрбие беріп қана қоймай, қоғамдағы отбасының мәртебесін арттырады.