Павлодарда жастардың девиантты мінез-құлқын зерттейтін зертхана ашылды

Павлодарда жастардың девиантты мінез-құлқын зерттейтін зертхана ашылды
Фото: gov.kz

Жаңа ғылыми алаң буллинг, лудомания және суицидтік тәуекелдерді зерттеп, алдын алу бағдарламаларын әзірлеуге бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі баспасөз орталығының мәліметінше, Марғұлан университеті базасында Қазақстанда алғаш рет жастардың девиантты мінез-құлқын зерттеуге арналған мамандандырылған ғылыми зертхана іске қосылды. Жаңа құрылым жастар арасындағы мінез-құлық ауытқуларының себептері мен қалыптасу тетіктерін кешенді зерделеуге бағытталған.

Зертхана жетекшісі, психология ғылымдарының кандидаты Ольга Колюхтің айтуынша, орталықтың мақсаты – мәселені талдап қана қоймай, оның алдын алу жолдарын әзірлеу.

– Біздің міндетіміз – тәуекел факторларын ерте кезеңде анықтап, ғылыми негізделген профилактикалық және білім беру бағдарламаларын әзірлеу. Зерттеу нәтижелері білім беру ұйымдары мен мүдделі мемлекеттік құрылымдардың практикалық қызметінде қолданылатын болады, – деді ол.

Қазіргі уақытта зертхана бірнеше бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, харассмент, буллинг және лудоманияның алдын алуға арналған кинотренингтер ұйымдастырылып, оған 150 адам қатысты.

Алдағы уақытта Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті, Шекара қызметі, прокуратура органдары мен әскери бөлімдер өкілдерінің қатысуымен «Қиын әңгімелер» атты ашық дәрістер циклі басталады. Бастама жастармен ашық диалог орнатуға және құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар мамандар студенттер арасында суицидтік тәуекелдер мен агрессивті мінез-құлық белгілерін анықтауға арналған психологиялық диагностика жүргізді. Зерттеуге 1 473 адам қатысқан. Бұдан бөлек, өңірдегі жасөспірімдер мен студенттердің психологиялық әл-ауқаты, стресс пен мазасыздық деңгейі зерделеніп, 428 респондент қамтылды.

Министрлікте атап өткендей, жаңа зертхана жастар арасындағы девиантты мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған жүйелі тәсілді қалыптастыруға мүмкіндік беріп, Павлодар өңірінің ғылыми әлеуетін арттыруға үлес қоспақ.