Павлодарда жекпе-жектен жеңімпаздар анықталды
«Баянтау» спорт кешенінде 14-17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында Nomad MMM палуандық жекпе-жектен облыстың ашық чемпионаты өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласы білім беру бөлімінің мәліметінше, чемпионатқа облыс өңірлерінен 120-ға жуық жас палуан, оның ішінде Павлодар қаласы білім бөлімінің «Жігер» балалар-жасөспірімдер клубының 8 тәрбиеленушісі қатысты. Чемпионат қорытындысы бойынша клуб тәрбиеленушілері үш алтын және екі күміс медаль жеңіп алды.
- Ұлдар жақсы нәтиже көрсетті. Қазіргі уақытта біз жекпе-жектен Қазақстан чемпионатына қатысуға дайындалып жатырмыз, - дейді жекпе-жек және үшсайыс бойынша спорт шебері, жеңімпаз жаттықтырушы Ертай Жаменкенов.
14-15 жас аралығындағы қатысушылар арасында № 19 ЖОМ 8-сынып оқушылары Арман Мақсатұлы және № 2 ЖОББМ Аңсар Магзум алтын медаль иегерлері атанды. № 37 ЖОМ 9-сынып оқушысы Данияр Құттыбаев пен № 24 ЖОМ 8-сынып оқушысы Темір Мүсірәлі күміс жүлдегерлерге ие болды.
16-17 жас санатында жоғары басқару колледжінің 2 курс студенті, «Жігер» клубының тәрбиеленушісі Әлібек Нұргазинов жеңімпаз атанды.
Олардың барлығы бес жылдан астам бокспен айналысады, облыстық, республикалық және халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпаздары.