Павлодарда жер қазу жұмыстары кезінде су құбыры зақымдалды

Павлодарда жер қазу жұмыстары кезінде су құбыры зақымдалды
Константин Шелковтың фотосы

10 тұрғын үй суық судан уақытша ажыратылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласында жоспарлы жер қазу жұмыстары барысында апатты жағдай орын алды. Жергілікті азамат жүргізген жұмыстар кезінде Академик Бектұров көшесі, 244 мекенжайында орналасқан диаметрі 200 мм болатын су құбыры зақымдалды.

Апат салдарынан бірқатар тұрғын үйлер ауызсусыз қалды. Атап айтқанда, төмендегі мекенжайлар бойынша орналасқан үйлерге су беру уақытша тоқтатылды: М. Горький көшесі – 35, 37, 41 үйлер, Мәшһүр Жүсіп көшесі,270, 272, 280-үйлер, Академик Шөкин көшесі, 38, 38/1, 40, 42-үйлер. Жалпы санағанда, 10 тұрғын үй суық судан уақытша ажыратылды.

Қазіргі уақытта апатты жағдайда зақымданған су құбырын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жауапты азамат апатты жоюға қажетті техникалық шараларды қабылдауда.

Сонымен қатар, тұрғындарға қолайсыздық туғызбау үшін «Павлодар-Водоканал» ЖШС алдын ала қамданып, ауызсуды тасымалдау жұмыстарын ұйымдастырды. 

– Су арнайы көліктермен жеткізіліп, тұрғындардың қажеттіліктерін өтеу үшін тегін таратылады, – деді мамандар. 

«Павлодар-Водоканал» ЖШС өкілдері қала тұрғындарынан түсіністік танытуды сұрап, жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін су беру толық қалпына келтірілетінін мәлімдеді.