Павлодарда жол ережесін бұзушылар саны артқан
Жасөспірімдер мен жастар гаджеттеріне алаңдаса, егде жастағылар белгіленбеген жерден өтуді әдетке айналдырған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті жаяу жүргінші жол қозғалысының толыққанды қатысушысы болып табылатынын және жолда жасаған әрекеттері үшін толық жауапкершілікті көтеретінін ескертеді.
– Жол қозғалысы қағидаларын көбіне жасөспірімдер мен 35–40 жасқа дейінгі жастар елемейді. Олардың көпшілігі гаджеттеріне алаңдап, айналасында болып жатқан жағдайды байқамайды. Салдарынан, олар бағдаршамның тыйым салынған белгісінде жолдан өтеді немесе, керісінше, өздеріне жол беріліп жатқанын байқамай, көлік қозғалысын бөгеп қалады. Өкінішке орай, егде жастағы тұрғындар да әрдайым үлгі бола бермейді. Көбінесе әжелер мен аталар жаяу жүргіншілер өткеліне жетуді қаламай, жолды өздеріне ыңғайлы жерден кесіп өтеді. Сонымен қатар, олар жүргізушілер міндетті түрде жол беруі тиіс деп санайды, – деді департаменттің баспасөз қызметі.
2025 жылдың ағымдағы кезеңінде жолдың белгіленбеген жерінен өткені үшін облыстың шамамен тоғыз мың тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар шамамен үш мың жүргізуші жаяу жүргіншілерге жол бермегені үшін жауапқа тартылды. Барлық құқық бұзушылар заңда белгіленген тәртіппен жазаланды.
Полиция қызметкерлері облыс тұрғындарын жолда сақ және мұқият болуға, ережелердің барлығына ортақ екенін ұмытпауға шақырады.