Павлодарда жүздеген ата-ана жауапқа тартылды
Олар кәмелетке толмаған балаларын түнде бақылаусыз жібергені үшін айыпталуда, деп деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәлімдеуінше, тәртіп сақшылары күн сайын кәмелетке толмағандар тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтардың, сондай-ақ оларға қатысты құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу мақсатында рейдтік іс-шаралар өткізуде.
Жыл басынан бері полиция қызметкерлері заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде болған 135 кәмелетке толмағанды анықтады.
Аталған фактілер бойынша жасөспірімдердің заңды өкілдеріне қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, кәмелетке толмағандармен осындай құқық бұзушылықтарға жол бермеу жөнінде профилактикалық әңгімелер жүргізілді.
– Мәселен, Баянауыл ауылында сағат 01:05 шамасында қоғамдық орында заңды өкілінсіз жүрген кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды. Жасалған құқық бұзушылық үшін оның заңды өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – делінген хабарламада.
Полиция қызметкерлері ата-аналарға балаларының бос уақытын қатаң бақылау қажеттігін ескертеді. Әрі кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта көшеде жүруі қауіпті екенін еске сала отырып, балалар кешкі 22:00-ден кейін үйде болуын әр ата-ана бақылауда ұстауы керектігін айтады.