Железин ауданында ақындардың тартысты айтысы өтуде

Железин ауданында ақындардың тартысты айтысы өтуде

Айтысқа сегіз ақын қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының Железин ауданы 90 жылдық мерейтойын атап өтуде. Аудан орталығы – Железин ауылында өткен салтанатты шараға облыс қонақтары, көршілес аудандардың өкілдері мен жергілікті халық жиналды.

Мерекелік бағдарламаның ең әсерлі сәттерінің бірі – облыстық деңгейдегі ақындар айтысы. Сахна төрінде жас айтыскерлердің суырыпсалма өнері көрермендерді тәнті етті.

Айтысқа қатысушылар: Оразбек Саяхат – Шарбақты ауданы, Мәрес Байрон – Баянауыл ауданы, Мизан Жүмәлі – Павлодар қаласы, Алтынбек Мақсатхан – Ақсу қаласы, Алтай Қадірбек – Павлодар ауданы, Нұрбек Бәкір – Баянауыл ауданы, Ибрахим Қазбек – Ақтоғай ауданы, Рамазан Дәуренбекұлы – Павлодар қаласынан қатысып отыр.

– Айтыс өз деңгейінде өтті. Ақындардың бәрі тас-түйін дайындықпен келген. Әсіресе Алтай Қадірбек тың тіркестерімен, өрнлі ойымен ерекшеленді. Нұрбек Бәкір мен Мәрес Байрон әзілдің түбін түсірді. Жалпы ақындардың қайсы болмасын лайықты сөз додасын көрсетті, – деді -өлкетанушы, айстыскер, ақын Бейбіт Бөжен.

Жас ақындардың әрқайсысы өз өлкесінің тарихы мен елдік рухты жырлап, тыңдаушыларды ерекше әсерге бөледі. Айтыс тартысты өтіп, көрермендер ду қол шапалақпен қолдау білдіріп отырды.

Айтыстың бас жүлдесін 400 мың теңгеге ие болған -  Павлодар ауданынан келген Алтай.

Бірінші орын үшін 300 мың теңге жүлдесін Баянауыл ауданындағы Мәрес Байрон алды, екінші орынды мен 280 мың теңгені Нурбек Бәкір иеленді, ал үшінші орын мен 200 мың теңгелік сыйға Мизан Жүмәлі ие болды. Ал қалған қатысушыларға жүз мың теңгелік сыйлық табысталды.

Аудан мерейтойына арналған айтыс жас ақындардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, ұлттық өнердің мерейін үстем етті. Әрбір сөз тартысы елдік рухты көтеріп, тарихқа тағзым жасауға арналды.

Фото: Есенжол Исабек