Павлодарда әйелін балалардың көзінше гантельмен өлімше етіп ұрған ер адам сотталды

Павлодарда әйелін балалардың көзінше гантельмен өлімше етіп ұрған ер адам сотталды

Сотта жәбірленуші сотталушыға қатысты шағымы жоқ екенін айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Іс материалы бойынша, былтырғы жылдың 3 маусымында ішіп алған ер адам Амангелді көшесіндегі үйге өзінің  бұрынғы әйеліне келген. Екеуі сөзге келісіп қалып, 32 жастағы тұрғын қасақана өлтіру мақсатында жуынатын бөлмеден салмағы сегіз келі тартатын гантель алып шығып, әйелдің басынан екі рет ұрған. Ол ауыр жарақаттардан есінен танған әйелдің денесін басқа бөлмеге апарып, өзі оқиға орнынан қашып кеткен. Абырой болғанда, дәрігерлер балалардың көз алдында өлім аузында жатқан әйелді уақтылы аман алып қалды. 

Аталған іс облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында екі бап бойынша  қаралды. 

Сотта жәбірленуші сотталушымен келісімге келгендіктен, бұрынғы күйеуіне аяушылық танытып, бас бостандығынан айырмауды сұраған. Ал сотталушы мен оның адвокаты бұл қылмысты 106-баптың 1-бөлігіне  «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» ауыстырып, бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұраған еді. 

– Сот жасалған қылмыстың ауырлығын және қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, ер адамға ҚР ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі және  99-бабының 1-бөлігі бойынша тоғыз жылға  бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, – дейді  қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметінде. 

Үкім заңды күшіне енбеді. 

Еске сала кетейік, қазіргі таңда әйел мүгедектер қатарында. Дәрігерлер оның аман  қалатындығына сенбеген еді, алайда сегіз күн бойы комада жатқан әйел дәрігерлердің  араласуымен о дүниеден оралды.