Павлодарлық құтқарушы 30 жылын халық қауіпсіздігіне арнады

Павлодарлық құтқарушы 30 жылын халық қауіпсіздігіне арнады
Фото: облыстық ТЖД баспасөз қызметінен

Оның еңбек жолы – батырлық пен адалдықтың, мамандығына шынайы берілгендіктің жарқын үлгісі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденов өмірінің үш онжылдық өрт сөндіру, су тасқыны мен түрлі төтенше жағдайлармен күреске арнаған. 

Қайрат Шаймарденовтың қызмет жолы 1995 жылы Қазақстан Республикасы ІІМ Павлодар техникалық колледжіне «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша оқуға түскен сәттен басталды. Оқуды тәмамдаған соң ол Павлодар мұнай өңдеу зауытында өрт қауіпсіздігі инспекторы қызметін атқарды.

Кейін ол қарауыл бастығынан бастап, аға инженер мен бөлім бастығына дейінгі түрлі лауазым сатыларынан өтті. Жұмысы тек өрттің алдын алу шараларымен шектелмей, төтенше жағдайлар кезінде адамдардың өмірін қорғауға бағытталды.

30 жылдық қызметінде Қайрат Зиядаұлы сан түрлі төтенше жағдайлардың куәсі болды. Қайсар мінез бен кәсіби шеберліктің арқасында ол талай адамның өмірін құтқаруға атсалысты. 2024 жылдың көктемінде өңірдегі су тасқынымен күрес кезінде көрсеткен еңбегі үшін ол жоғары мемлекеттік марапат – «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

– Мен үшін қызмет – жай ғана міндет емес, бұл өмірлік ісім, – дейді Қайрат Шаймарденов.

Ол бүгінде тәжірибесін жас мамандармен бөлісіп, профилактикалық жұмыстарға белсене қатысуда.

Қайрат Зиядаұлының отбасында да бұл мамандық құрметтеледі. Жұбайы кезінде «101» қызметінің диспетчері болып еңбек еткен, әрдайым күйеуіне және әріптестеріне қолдау көрсеткен.

Қайрат Шаймарденовтың өмірлік ұстанымы – ар-намыс пен парыз. Оның үлгісі жас құтқарушыларға шабыт беріп, бұл мамандықтың жүректегі батылдық пен адалдықты талап ететінін айқын көрсетеді.