Павлодарлық құтқарушылар Төтенше жағдайлар министрінің кубогына қатысады
Жарысқа тек ер адамдар ғана емес, қыздар да қатысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚР Төтенше жағдайлар Министрінің бірінші кубогы 27-29 қыркүйек аралығында Көкшетау қаласында өтеді.
– Спорттық іс-шараның негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау және қызметкерлер арасында қолданбалы спорт түрі ретінде қоян-қолтық күресті насихаттау. Сонымен қатар, спорттық жекпе-жектің бұл түрі дағдыларды қалыптастырып, жетілдіреді, жылдамдық пен төзімділікті дамытады, өзіне деген сенімділікті арттырады, – деді ведомствода.
Жарыс қорытындысы бойынша мықты жауынгерлерді анықтаудың арқасында ТЖМ бірыңғай құрама командасы құрылады.
Облыстық ТЖД құрамасы тоғыз адамнан тұрады, олардың арасында бір қыз бар. Жарысқа дайындық барысында қызметкерлер қарқынды жаттығулар жасауда, өз дағдыларын жетілдіруде және жоғары нәтижеге қол жеткізуді көздейді.