Павлодарлық қолөнерші шайырдан Мәшһүр Жүсіп мешітінің картинасын салды
Ұзындығы – бір метр, ені – 80 сантиметр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шайыр маманы Санам Мамедова түрлі республикалық байқаулардың қатысушысы. Жақында шайыр шеберлерінің арасында өткен байқауға қатысу үшін Мәшһүр Жүсіп мешітінің картинасын салған.
– Әзірге бұл байқаудың қорытындысы шықпады, нәтижесін күтіп отырмын. Картина шайырдан жасалған. Бір орташа көлемдегі картинаға үш-төрт күн арнаймын. Ең басты мақсатым – туындыларымның сатып алушының көңілінен шығуы. Көбіне мұсылмандық картиналар мен сағаттар сатамын. Бұл саламен айналысып жүргеніме екі жыл болып қалды. Тараз және Астана қалаларында арнайы курстар оқыдым, – дейді Санам Мамедова.
Ол Turizm.Pvl туристік көрмесіне шайырдан жасалған түрлі бұйымдар алып келді. Оның ішінде сағат, таспих, картиналар бар.
– Кейін өзімнің жеке кәсібімді ашуды жөн көрдім. Бүгінде Құраннан алынған сүрелер мен дұғалар жазылған картиналар, мұсылмандық сағаттар, картиналар сатамын, – дейді шайыр маманы Санам Мамедова.
Қолөнерші шайырмен жұмыс істеген оңай емес екенін, дегенмен тапсырыстар жеткілікті екенін айтады. Тіпті, оның туындыларын мейрамханалардан көруге болады.
– Ең қымбат картинаның құны 150 мың теңге тұрады. Бұл картинада «Аят әл-Курси» сүресі жазылған. Оның ұзындығы 1,5 метрді құрайды. Сатып алушылардың көбі – мұсылмандар, – дейді ол.
Еске сала кетейік, көрмеге Май ауданы Ақшиман ауылында тұратын коллекция жинаушы да қатысты. Ол 20 жыл бойы Ақшиман ауылының маңайынан тапқан көне жәдігерлерін көрмеге қойды. Алдағы уақытта жеке музейін ашу ойында бар.
Фото: Константин Шелков