Павлодарлық ұстаз медициналық сауаттылық аталымында жүлде алды

Павлодарлық ұстаз медициналық сауаттылық аталымында жүлде алды
Фото: Константин Шелков

Астанада «Педагогикалық идеялар панорамасы – 2024» республикалық сайысының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 5000-ға жуық педагог қатысып, олардың ішінен тек 108-і жүлделі орындарға ие болды. 

Аталмыш байқау 2018 жылдан бері ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен өткізіліп келеді және екі кезеңнен тұрады: өңірлік және республикалық. 

Биыл қатысушылар білім беру әдістемесін бейнеролик форматында дайындап, өз жұмыстарын 12 түрлі бағыт бойынша ұсынды. Жұмыстарды бағалау кезінде келесі критерийлер назарға алынды: өзектілік, дәлелділік, пәнаралық байланыс, әдістемелік құндылық, инновация, сөйлеу мәдениеті мен ораторлық шеберлік, сондай-ақ бейне және аудио сапасы.

Жарыс нәтижесі бойынша Павлодар технологиялық колледжінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Жанбота Қайролла байқаудың «Денсаулық сауаттылығы» (медициналық сауаттылық) бағыты бойынша үшінші орын иегері атанды. Бұл жетістік – Қайролла Ботаұлының кәсіби біліктілігі мен шығармашылық ізденістерінің жемісі.

Биылғы байқауға ЮНЕСКО алғаш рет қатысып, ерекше номинациялар мен марапаттарды ұсынды, бұл конкурстың халықаралық деңгейдегі беделін арттыра түсті.