Павлодарлық айтыскер Жұмкен Сейітов 65 жаста
Ақынның мерейтойына орай «Өнер - өмір өзегім» атты рухани кездесу кеші өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мәдени-әдеби кешті облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мұрындық болуымен облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі ұйымдастырып отыр.
Жұмкен Арқалықұлы 1961 жылы 14 шілдеде Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Жаңажол ауылында дүниеге келген. Әкесі Арқалық Сейітұлы мен анасы Раушан Жұманбайқызы ақындыққа жақын адамдар болған. Кішкентай кезінен ән мен жырдың ортасында өскен ағамыз мектеп қабырғасынан бастап түрлі жыр додаларына қатысып, жүлдегер атанады. Мектепті тәмәмдағаннан кейін, 1979 жылы әскер қатарына шақырылып, әскери міндетін атқарып келгеннен кейін, туған елінде ауыл шаруашылығы саласында механизатор болып қызмет атқарды. Ал 1988 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Жаңажол ауылдық мәдениет үйінде қызмет атқаруда.
1986 жылдан бастап айтыс өнеріне өзіндік үлес қосып келеді. Бірнеше мәрте халықаралық, республикалық, облыстық айтыстардың жүлдегері атанған. 1988 жылы мәдениет қызметкерлері арасында өткен Бүкілодақтық екінші фестивальдің лауреаты атанды. Ал 1994 жылы Сәбит Дөнентаевтың 100 жылдығына орай өткен айтыста бас бәйгені жеңіп алса, 2000 жылы Иса Байзақовтың 100 жылдығына орай өткен ақындар айтысында бірінші орыннан көрінді. «Баянтауым-мақтанышым», «Туған ел, саған өкпем жоқ», «Жасай бер, жаңа ғасырым» сынды нәзік сезім мен терең ойға толы көптеген жырлары 2024 жылы«Өлең ұя салған шаңырақ» атаумен кітап болып жарық көрді.
Кеш барысында өнер иесінің жеке заттары мен құжаттары қойылған шағын көрме ұйымдастырылады.
Іс-шараға өңіріміздің зиялы қауым өкілдері мен өнер иесінің туыстары қатысады.
Айта кетелік, «Өнер - өмір өзегім» атты рухани кездесу кеші 3 маусым күні сағат 11:00-де С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада өтеді.