Павлодарлық бишілер Грекияда өткен халықаралық фестивальде топ жарды

Павлодарлық бишілер Грекияда өткен халықаралық фестивальде топ жарды
Фото: Оқушылар сарайы ұсынды

Би ұжымы көрермендер мен қазылар алқасын тамсандырып, тоғыз кубок пен бірнеше диплом иеленіп, елге абыроймен оралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Блэйз» эстрадалық би студиясы Грекияның солтүстігіндегі көркем Паралия Катерини қаласында өткен WAVEIDEAS халықаралық фестивальдік жобасының алтыншы маусымы – «Идеялар толқыны. Грекия» шығармашылық форумына қатысты.

Бұл бірегей фестиваль әлемнің түкпір-түкпірінен келген талантты орындаушыларды – бишілерді, әншілер мен музыканттарды жинады. Оған қатысу ұжымның шығармашылық өміріндегі жарқын оқиғаға айналды.

Байқау-фестивальдің басты мақсаты – балаларға шығармашылықпен еркін айналысуға мүмкіндік беріп, оларға қуанышты әрі достыққа толы атмосфера сыйлау. Шара салауатты өмір салтын насихаттап, түрлі қалалардан келген жас өнерпаздардың арасында мәдени және достық байланыстар орнатуға бағытталған. Сондай-ақ бұл алаң жетекшілердің кәсіби шеберлігін шыңдауға және талантты жастардың қабілетін толықтай ашуына жағдай жасайды.

«Блэйз» студиясы «Хореография» аталымында жарқын жеңістерге қол жеткізді. Набиден Ирада «Утренний рассвет» атты стильдендірілген қазақ биімен қазылар алқасын тәнті етіп, бірінші орынды жеңіп алды. Сондай-ақ «Қамажай» биі мен «Свет заветной звезды», «Это мы!» секілді эстрадалық билер де жоғары бағаға ие болып, алтын жүлдеге лайық деп танылды.

Ұжымның жас бишілері Екатерина Петрова мен Милана Филиппова «Новая сказка» биін тамаша орындап, дуэттер арасындағы бірінші орынға ие болды. Ал Анастасия Ильченко «Алға» қазақ биімен тағы бір жеңіс әкелді.

Бұдан бөлек, «Поющая домбра» биі мен Анастасия Ильченконың «Сердце матери» биі екінші орынды иеленсе, Найля Ермекова «BOOM» эстрадалық биімен де күміс жүлдеге қол жеткізді.

«Блэйз» студиясының барлық қатысушылары дипломдармен және кубоктармен марапатталды.

Ұжым жетекшісі Любовь Корнюхина қатысушыларды жоғары деңгейде дайындағаны және жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға қосқан үлесі үшін ұйымдастырушылардың дипломын және Алғыс хатын алды.