Павлодарлық бизнесмендерге технологиялық гранттар туралы ақпарат берілді

Павлодарлық бизнесмендерге технологиялық гранттар туралы ақпарат берілді
Иллюстрациялық фотосурет Константин Шелков

Павлодар облысында «Атамекен» өңірлік Кәсіпкерлер палатасының салааралық кеңес отырысы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасында «Атамекен» өңірлік салалық кеңесінің кезекті отырысы ұйымдастырылды. Жиынды Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов жүргізді. Цифрландыру аясында кездесу Zoom платформасы арқылы онлайн жүргізілді.

Отырысқа салалық кеңестердің мүшелері, өңір кәсіпкерлері, Палата өкілдері және жергілікті атқарушы органдардың мамандары қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – өңірлік бизнес үшін өзекті болып отырған инновациялық жобаларды қаржыландыру тетіктерін түсіндіру және «QazInnovations» гранттық бағдарламасының шарттарын талқылау болды.

Негізгі баяндама АО «Ұлттық инновацияларды дамыту агенттігі «QazInnovations» өкілі Әнуар Тұңғат тарапынан жасалды. Ол технологияларды коммерцияландыруға арналған гранттық қолдаудың құрылымын жан-жақты түсіндірді. Ануар Тұңғаттың айтуынша, бағдарлама екі негізгі кезеңнен тұрады және бірінші кезең тікелей өнімді нарыққа шығарып қойған, бірақ оны жетілдіруді қажет ететін компанияларға бағытталған.

- Бірінші кезеңдегі гранттың логикасы өте нақты: нарыққа шыққан, бірақ толық сұраныс таппаған өнімді жетілдіру. Яғни компанияда жұмыс істейтін прототип немесе өнім бар, бірақ ол әлі де нарық талабына толық сәйкес келмеуі мүмкін. Сондықтан грант осы өнімді дамытуға, функционалдығын кеңейтуге және сапасын арттыруға беріледі, - дейді ол.

Қаржыландыру көлемі 20 миллион теңге, мерзімі алты ай, сонымен қатар он пайыздық софинансирование қарастырылған. Бұл қаражат негізінен команданың операциялық шығындарын жабуға және өнімді нақты жетілдіруге бағытталады. Ең маңызды талаптардың бірі – үміткердің акселерациялық немесе инкубациялық бағдарламадан өткені туралы сертификатының болуы. Бұл талап жобалардың сапасын арттыру үшін енгізілді.

Сондай-ақ спикер грантқа қатысу үшін компанияда кемінде жұмыс істеп тұрған өнім немесе прототип болуы міндетті екенін атап өтті. Бұл талап жобалардың практикалық деңгейін арттыруға және мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуына бағытталған.

Кездесу барысында кәсіпкерлер тарапынан шағын және орта бизнес үшін қатысу шарттары, құжат тапсыру рәсімі, сонымен қатар жергілікті деңгейдегі қосымша қолдау шаралары туралы сұрақтар қойылды. Әсіресе грантқа қол жеткізу мүмкіндігі мен өңірлік кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру тетіктері кеңінен талқыланды.

Өңірде кәсіпкерлікті қолдау бағытында «Атамекен» палатасының сервистік қызметтері, оқыту бағдарламалары және «Даму» қоры арқылы жеңілдетілген қаржыландыру құралдары да қолжетімді екені айтылды. Бұл шаралар Павлодар облысында бизнестің инновациялық жобаларға қатысуын кеңейтуге бағытталған.