Павлодарлық энергетиктер Президенттің қолынан марапат алды
Салтанатты жиын Ақордада өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика саласы мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады. Бұл жылы «Жұмысшы мамандықтары» жылы аясында еңбек адамдарына ерекше құрмет көрсетіліп отыр.
– Энергетика саласы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар сала. Тұрақты қуат көзі болмаса, қуатты мемлекет құру мүмкін емес. Энергетика саласында қызмет ету – еліміздің дамуына үлес қосу деген сөз. Себебі сіздер атқарып жатқан жұмыстың игілігін еліміздегі әр отбасы, әр адам көреді. Әрбір үйге жарық пен жылу беру – жауапкершілігі зор жұмыс, – деді Президент.
Мемлекет басшысы энергетика саласында қызмет ететін әрбір маманның еңбегін жоғары бағалап, олардың кәсіби мерекесін атап өту дәстүрін жалғастыру маңызды екенін атап өтті.
Жиында «Павлодар жылу желілері» ЖШС компаниясының 5-разрядты жылу желілерін жөндеу шебері Владимир Рау «Құрмет» орденімен марапатталды.
Владимир Раудың «Павлодар жылу желілері» жүйесіндегі еңбек жолы 1977 жылы басталған. 48 жыл бойы үздіксіз қызмет атқарған ол қарапайым шеберден бастап солтүстік желілік ауданның басшысы лауазымына дейін жеткен.
Сонымен қатар іс-шарада «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ компаниясының отын-көлік цехында 6-разрядты тепловоз машинисі болып еңбек ететін Ерқанат Қапез саланың дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Ерқанат Қапез «ЕЭК» жүйесіндегі еңбек жолын 1995 жылы бастаған. Бүгінде ол 29 жыл бойы бір кәсіпорында үздіксіз қызмет атқарып, қарапайым пойыз құрастырушыдан жоғары білікті тепловоз машинисіне дейін өсті. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, техниканы жетік меңгерген маман ретінде ұжымда үлкен беделге ие.