Павлодарлық еріктілер көрші елдермен тәжірибе алмасты
Халықаралық жиында волонтерлік қозғалыстың негізгі мәселелері талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Астанада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске қатысушы елдердің волонтерлік қозғалыстары көшбасшыларының слеті өтті.
Алқалы жиынға Әзербайжан, Иран, Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Тайланд, Тәжікстан, Шри-Ланка секілді әлемнің 21 елінен 450-ден астам делегат келді. Павлодар облысынан делегация құрамына Жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Ризат Рахимжанов, «Birgemiz» өңірлік еріктілер фронт-офисінің инспекторы Бектас Уәлит, Екібастұз қаласы еріктілер штабының еріктісі Алуа Болат, «Қызыл Жарты Ай қоғамы» облыстық филиалы еріктілерінің үйлестірушісі Динара Аманжолова, Екібастұз қаласындағы «VITA» ерікті іздеу-құтқару жасағының үйлестірушісі Самал Дүйсенбаева, «Ашық жүрек» еріктілер жасағының жетекшісі Данна Серімбаева кірді.
Іс-шара барысында мазмұнды пікірталастар ұйымдастырылды, түрлі бастамалар мен ұсыныстар талқыланды. Сондай-ақ, волонтерлік қозғалыстың негізгі мәселелері және оның орнықты даму мақсаттарына қол жеткізудегі рөлі қаралды.
Кездесу соңында қатысушылар Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес шеңберінде волонтерлік саланы бірлесіп дамыту жөнінде ұсынымдар әзірледі және халықаралық волонтерлерді жұмылдыру жылын өткізу жөнінде ұсыныстар айтты.