Павлодарлық кәсіпкер елімізде алғашқы болып бизнес несиені цифрлық теңгемен алды
Несие «Өрлеу» бағдарламасы аясында рәсімделді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кәсіпкер Виталий Кремберг үй жануарларына арналған гигиеналық сіңіргіш ретінде қолданылатын абсорбент кәсіпорнын салуды жоспарлап отыр. Бұл өнім ауыл шаруашылығы, құрылыс және экология салаларында да қолданылмақ.
Ол өндірісті дамыту үшін заманауи қаржылық құрал – цифрлық теңге несиесін таңдаған. Оның айтуынша, жоба тек бизнес үшін емес, жоғары сапалы отандық өнім өндіру үшін қолға алынған.
– Біз бұл жобаны тек бизнес үшін бастаған жоқпыз. Біз өзіміз мақтан тұтатын өнім – сапалы отандық сіңіргіш жасағымыз келеді. «Өрлеу» жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы аясындағы мемлекеттік қолдау біздің бастапқы капиталымыз болды. Біз цифрлық теңгені технологиялық, жариялы және ұзақ мерзімді дамуға бағдарланған жаңа кезеңіміздің символы ретінде пайдаланамыз, – деді кәсіпкер.
Тартылған инвестиция сомасы – 250 миллион теңге. Несие жеті жыл мерзімге жылдық 12,6 пайыз мөлшерлемемен берілген. Бұл қаражатқа кәсіпкер жер телімін алып, өндірістік ғимарат салып, жабдық сатып алмақ. Бірінші жылы шамамен 10 жұмыс орны ашылады. Жылдық өнім көлемі 1200-1400 тонна болады деп күтіледі.
«Даму» қоры мамандарының айтуынша, цифрлық теңге несиесінің бірнеше артықшылықтары бар. Атап айтқанда: рәсімдеу онлайн жүргізіледі, өтінім жылдам қаралады, қаражат қысқа мерзімде түседі, мемлекеттік бағдарламалар шарттарының жариялы орындалуына мүмкіндік береді, салықтық тексерістер болмайды және қайтару мерзімі 15 жұмыс күніне дейін қысқарады.
«Даму» қоры басқарма төрағасының орынбасары Арсен Мұстафин цифрлық теңге мемлекеттік қолдауды ашық етуде маңызды құрал бола алатынын атап өтті.
– Оның негізгі артықшылықтарының бірі – бөлінген қаржының орнымен пайдалануын бақылау айтарлықтай жеңілдеп, жақсаруына мүмкіндік беретін цифрлық құралдардың таңбалануы. Серіктестік аясында кәсіпкерлер несиені цифрлық теңгемен алады. Соның арқасында процесс тезірек, ашық және тиімді болмақ. Біз бизнеспен жұмыс істеуде цифрлық теңгенің мүмкіндіктерін кеңейте отырып, осы бағытты одан әрі дамытуды жоспарлап отырмыз, – деді ол.
Айта кетейік, «Өрлеу» бағдарламасына қатысу үшін кәсіпкерлер екінші деңгейлі банктердің кез келгеніне жүгіне алады. Толық ақпаратты 1408 нөмірі арқылы немесе www.damu.kz сайтынан алуға болады.