Павлодарлық кәсіпкерлер Мәскеудегі халықаралық форумға шақырылды

Павлодарлық кәсіпкерлер Мәскеудегі халықаралық форумға шақырылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Палата өңір бизнесіне қалалық инфрақұрылым мен шағын шаһарларды дамыту жобаларымен танысуды ұсынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, жергілікті бизнес өкілдері 23–24 қараша күндері Мәскеудегі «Ресей» ұлттық орталығында өтетін Халықаралық муниципалдық форумға қатыса алады. Ауқымды жиынды Ресей Федерациясы Үкіметінің қолдауымен «Росконгресс» қоры ұйымдастыруда.

– Форумның күн тәртібі тәжірибе алмасу және муниципалитеттерді тұрақты әрі инновациялық дамыту, жайлы қалалық орта қалыптастыру мәселелеріне арналады. Оның ішінде шағын қалалар мен тарихи елді мекендерді дамытуға арналған нақты құралдарға ерекше назар аударылады. Сондай-ақ муниципалдық құрылымдардың командаларын оқыту және кадрлар даярлау міндетіне басымдық беріледі, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Айдос Шайхислам.

Форум аясында «Қалаларды тұрақты трансформациялау: жаһандық сын-қатерлерге жауап» тақырыбында пленарлық отырыс өтеді. Сонымен қатар ресейлік және шетелдік қатысушыларға арналған арнайы көрме экспозициясы ұйымдастырылып, онда қалаларды дамытуға бағытталған стратегиялық жобалар таныстырылады.