Павлодарлық кәсіпорындар монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін айыппұл арқалады
Биыл өңірде тауар нарықтарындағы бәсекелестікке қатысты 24 тексеру жүргізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Қуат Өтеуов мәлімдеді.
Ведомство әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізу, авиаотын, жаңа жеңіл автокөліктер, вагон-цистерналарды жуу және булау қызметтері, сымды интернет, сыртқы жарнама орналастыру, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару нарықтарын зерттеген.
Тексеру барысында Павлодар қаласында орналасқан, Қазақстан аумағында азық-түлікті көтерме саудамен айналысатын «KDV Қазақстан» ЖШС-нің заң бұзушылыққа жол бергені анықталды. Кәсіпорын кондитерлік өнімдерді өткізу нарығында үстем орынға ие.
Тергеу қорытындысы бойынша кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 24 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.
Тексеру кезінде шарттар жасасу барысында әртүрлі сатушыларға әрқилы ынтымақтастық талаптары ұсынылғаны белгілі болды. Мәселен, кейбіріне кондитерлік өнімдер қолма-қол есеп айырысу арқылы сатылса, басқаларына әртүрлі мерзімге бөліп төлеу шарты берілген.
Ал монополияға қарсы заңнамаға сәйкес, нарықта доминантты жағдайға ие кәсіпкерге әртүрлі шарттар қолдануға тыйым салынады.
Сонымен қатар монополияға қарсы органға Ақсу ферроқорытпа зауыты жүгінген. Кәсіпорынмен «Горкомхоз-Аксу» ЖШС шарт жасасқанымен, коммуналдық кәсіпорын қызмет құнының 80 пайызға қымбаттауы негізсіз деп танылып, әкімшілік жауапкершілікке әкелген.
– Ақсу қаласының шегінде қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару және көму қызметтері бойынша монополиялық жоғары баға белгілеу белгілері анықталуына байланысты «Горкомхоз-Аксу» ЖШС 224 517 теңге көлемінде айыппұл арқалады. Сонымен қатар 1 600 112 теңге мөлшеріндегі монополиялық табыс тәркіленді, – деді Қуат Өтеуов.
Сондай-ақ «Богатырь Көмір» ЖШС энергетикалық көмірге елдегі энергия өндіруші кәсіпорындар үшін монополиялық жоғары баға белгілеп, заң талаптарын бұзған.
– Ірі көлемде табыс алу және қылмыстық жауапкершілік белгілерінің болуына байланысты тергеу материалдары құқық қорғау органдарына сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу үшін жолданды, – деп қосты Қуат Өтеуов.
Айта кетейік, қазіргі таңда департамент монополиялық жоғары баға белгілеген жарнама-өндірістік бағыттағы «Цитадель» ЖШС-не қатысты тергеу жүргізіп жатыр.