Павлодарлық хирургтар инновациялық оталар аясын кеңейтті

Павлодарлық хирургтар инновациялық оталар аясын кеңейтті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қазақстанда бірқатар жаңа технологияларды алғаш рет павлодарлық дәрігерлер енгізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Кейбір операцияларды тек жергілікті хирургтар ғана жасайды. Әсіресе бұл кардиоорталыққа қатысты, мұнда жылына 2,5 мыңнан астам операция жасалады, соның 350-і – жоғары технологиялық.

Мәселен, елде алғаш рет мұнда аортаның доғасы аневризмасының жарылуы кезінде өмірді сақтап қалатын шұғыл оталар «Мұздатылған пілдің тұмсығы» әдісімен жасалды. Аневризманың жарылуы жағдайлардың 90 пайызынан астамында өлімге әкеледі.

– Өкпе артериясының тромбоэмболиясы бар науқастарда ашық әдіспен өкпе артериясынан тромбты алу (тромбоэкстракция) енгізілгеннен кейін екінші мүмкіндік пайда болды. Қазақстан бойынша мұндай операцияны тек бізде жасалады, – дейді орталықта. 

Бұған дейін өкпе артериясының тромбоэмболиясы диагнозымен түскен науқастар арасында өлім-жітім 70 пайыздан асатын. Соңғы алты жылда павлодарлық кардиологтар осындай 40-тан астам операция жасап, жақсы нәтижелерге қол жеткізді.

Өткен жылдан бері тек Павлодар кардиоорталығында Росс операциясы жасалып келеді. Әдетте оны туа біткен және жүре пайда болған жүрек ақаулары, аорталық қақпақшаның, аорта түбірінің және көтеріле беретін аорта бөлігінің мәселелері бар жас пациенттерге ұсынады.

Павлодарда жүректің ишемиялық ауруы, туа біткен және жүре пайда болған жүрек ақаулары, жүрек ырғағының бұзылыстары, өткізгіштік жүйесінің ақаулары, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар науқастарға да ота жасалады.

Орталықта атап өткендей, кардиологиялық және кардиохирургиялық көмек кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен медициналық сақтандыру аясында көрсетіледі.

– Біз кардиохирургиялық операциялардың сегіз деңгейінің ішінен алтыншы деңгейіне дейінгі барлық түрін орындаймыз, оған жүрек трансплантациясы да кіреді, – дейді кардиоорталықта. – Павлодарлықтарға жоғары технологиялық медициналық көмек алу үшін облыстан не республикадан тыс жерге шығудың қажеті жоқ.

Соңғы он жылда жергілікті хирургтар жүрек ырғағы бұзылған науқастарда кенеттен болатын өлімнің алдын алу үшін үш жүзден астам операция жасады. Соның ішінде жүрек тоқтаған жағдайда оны қайта іске қосатын кардиовертер-дефибрилляторды имплантациялау бар. Сондай-ақ аорталық қақпақшаны транскатетерлік имплантациялау жүргізіледі.

Кардиоорталық пациенттері үшін ауыр тыныс алу және жүрек жеткіліксіздігі кезінде өкпе мен жүректің жұмысын қолдайтын ЭКМО аппараты (экстракорпоральды мембраналық оксигенация) қолжетімді. Жылына оны алты мыңнан астам адамға қолданады.

Пациенттерге Павлодардан шықпай-ақ лазерлік әдіспен проктологиялық операция жасатуға болады. №3 қалалық аурухананың мәліметінше, соңғы бір жарым жылда осындай үш жүзге жуық ота жасалған.

– Лазерді қолдану – өңірде аз инвазивті хирургияны дамытудағы маңызды қадам, – дейді ауруханада. – Қазіргі заманғы лазерлік әдістерді енгізу пациенттердің өмір сапасын едәуір жақсартады және олардың еңбекке тез оралуына мүмкіндік береді.

Жасалатын операциялардың қатарында – лазерлік геморроидопластика (LHP), тік ішектің фистуласын термоабляциялау (FiLaC), сондай-ақ эпителиалды құйымшақ жолын лазерлік өңдеу (SiLaC) бар. Бұл әдістер қалпына келу кезеңін айтарлықтай қысқартып, ауырсынуды азайтып, жалпы жайлылықты арттырады.

Барлық қажетті жабдықтар мен тәжірибелі мамандар Павлодарда бар. Операциялар осында жасалады, бұл пациенттердің уақытын да, қаражатын да үнемдеп, жоғары технологиялық медициналық көмекті өңір тұрғындары үшін барынша қолжетімді етеді.