Павлодарлық мектепте дәстүрлі экологиялық акция өтті

Павлодарлық мектепте дәстүрлі экологиялық акция өтті
Фото: Павлодар облысының білім беру басқармасы

Шара барысында оқушылар ата-аналарымен бірге алма ағаштарын отырғызды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық білім беру басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, экологиялық бағыттағы №36 жалпы орта білім беру бейінді мектебінде «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында дәстүрлі «Алма бағы» экологиялық акциясы ұйымдастырылды.

– Шараның мақсаты – мектеп аумағын көгалдандыру арқылы оқушылардың экологиялық мәдениетін, еңбекке бейімділігін және жауапкершілік сезімін дамыту. Сонымен қатар, ата-аналармен бірлескен жұмыстар арқылы отбасы мен мектеп арасындағы байланыс нығая түсті, – деді ұйымдастырушылар.

Акция барысында мектеп ауласында алма ағаштарының көшеттері отырғызылып, оқушылар мен олардың ата-аналары игі іске бірге атсалысты. Бұл қоршаған ортаға қамқорлық танытып, балалардың бойында табиғатты аялау мен ортақ іске жауапкершілікпен қарау дағдыларын қалыптастырудың жарқын мысалы болды.

Мектептің еріктілер клубы акция туралы ақпараттық парақшалар таратып, аудан тұрғындарын белсенділікке шақырды. Ата-аналар шараға белсене қатысып, бұл игі дәстүрдің жалғастығына қолдау білдірді.