Павлодарлық оқушылар футбол жұлдыздарымен бір алаңды бөлісті

Павлодарлық оқушылар футбол жұлдыздарымен бір алаңды бөлісті
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

«ERTIS» футбол клубының аяқдопшылары балалардың арманын орындады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Павлодар қаласы прокуратурасының бастамасымен қала әкімдігі, білім беру бөлімі және «ERTIS» футбол клубымен бірлесіп, «Заң мен тәртіп» идеологиясын іске асыру аясында «Жұлдыз» стадионында мектеп оқушыларына арналған профилактикалық спорттық іс-шара ұйымдастырылды.

– Танымдық кездесудің басты мақсаты — кәмелетке толмағандарға спорттың, тәртіптің, командалық рухтың және дұрыс өмірлік ұстанымдардың табысты болашақтың негізі екенін көрсету,  - дейді ұйымдастырушылар. 

Сондай-ақ, тәртіп сақшылары мұндай бастамалар жазғы кезеңде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал ететінін тілге тиек етті.

Жасөспірімдер кәсіби команданың жаттығуына қатысып, футболшылар және клуб өкілдерімен кездесті. Оқушылар бұл кездесуде кәсіби футболшылардан мотивациялық ақыл-кеңестер алып, қолтаңбаларын иеленіп, «ERTIS» ойыншыларымен естелік суретке түсті. 

Сонымен қатар, балаларға естелік сыйлықтар табысталды.