Павлодарлық оқушылар зияткерлік олимпиадада білімдерін сынады

Павлодарлық оқушылар зияткерлік олимпиадада білімдерін сынады

Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Астана қаласында ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушыларына арналған қоғамдық-гуманитарлық бағыты бойынша республикалық олимпиада өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 400-ден астам дарынды ауыл мектептерінің оқушылары қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі, Қазақстан тарихы, орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі, құқық негіздері, ағылшын тілі пәндері бойынша күрделі тапсырмаларды орындап, өз деңгейлері мен дағдыларын көрсете білді.

Республикалық кезең дәстүрлі форматта екі турда өткізілді. Олимпиаданың басты мақсаты – еліміздің ауылдық жерлеріндегі мектеп оқушыларының дарындылығы мен қабілеттерін анықтау және қолдау, неғұрлым академиялық қабілетті оқушыларды іріктеу, оларды одан әрі зияткерлік дамыту және кәсіби бағдарлау үшін оңтайлы жағдайлар жасау.

​Олимпиада қорытындысы бойынша Павлодар облысынан барған оқушылар үш медаль иеленді.

​І дәрежелі дипломымен Ақсу қаласы Қызылжар жалпы орта білім беру мектебінің 10-сынып оқушысы Дильбархон Сулайманова, ІІ дәрежелі дипломымен Май ауданы Жалтыр жалпы орта білім беру мектебінің 11- сынып оқушысы Ерасыл Хуттымбек, ал ІІI дәрежелі дипломына Павлодар қаласының Кенжекөл жалпы орта білім беру мектебінің 10-сынып оқушысы Анастасия Морош.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер смартфон, ақылды колонка сияқты бағалы сыйлықтармен марапатталды. Республикалық олимпиаданың барлық қатысушыларына сертификаттар табысталды.