Павлодарлық педагогтердің біліктілігін арттыруға жаңа мүмкіндік ашылды
Білім басқармасы мен Инновациялық Еуразия университеті кадрларды даярлау бойынша әріптестікті күшейтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасының басшысы Әйгерім Еркенова Инновациялық Еуразия университетінің ректоры Чингиз Макеновпен кездесіп, әріптестікті дамытудың негізгі бағыттарын талқылады.
Кездесу қорытындысында тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат педагогтер мен білім беру ұйымдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, кәсіби қайта даярлау және бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеуді көздейді.
– Меморандум өңірдің педагог кадрларын дамыту бағытындағы бірлескен жұмысты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Біз педагогтердің кәсіби құзыреттерін арттыруға және білім беру сапасын жақсартуға ерекше назар аударамыз, – деді Әйгерім Еркеновна.
Тараптар сондай-ақ заманауи оқу-әдістемелік және ғылыми-зерттеу материалдарымен алмасуға, конференциялар, форумдар, дөңгелек үстелдер мен тақырыптық пікірталастарды бірлесіп өткізуге уағдаласты.
Бұдан бөлек, қосымша кәсіптік білім беру бағдарламаларын және педагогтердің біліктілігін арттыру курстарын сертификаттау мен аттестаттау жүйесін жетілдіру бағытында да бірлескен жұмыс жүргізіледі.
Жаңа әріптестік өңірдің білім беру жүйесіне заманауи тәжірибелерді енгізуге және педагог кадрлардың кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған.