Павлодарлық полицей Қытайда өткен халықаралық турнирде топ жарды

Полицейдің айтуынша, жеткен жеңістер – үздіксіз жаттығу мен қатаң тәртіптің нәтижесі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қытайдың Үрімші қаласында алғаш рет Қытай және Орталық Азия елдерінің құқық қорғау органдары арасында халықаралық турнир өтті.
– Полицейлер еркін күрес, кикбоксинг және қарудан ату сайыстарында бақ сынады. Осындай ауқымды жарыста ел мен облыс намысын қорғау мәртебесі облыстық ПД қызметкері Қанағат Ыдырышевқа бұйырды. Ол жоғары деңгейдегі шеберлігін, спорттық шыдамдылығы мен рухын көрсетіп, бірнеше номинацияда жүлделі орындарға ие болды, – делінген хабарламада.
Ату сайысында полицей-спортшы жылдамдық пен дәлдігі бойынша бірінші орынға ие болды. Ал кедергілерден өту және еркін күрес жарыстарында күміс жүлдені жеңіп алды.
– Әр жеңіс – үздіксіз жаттығулар мен қатаң тәртіптің нәтижесі. Мен бала кезімнен спортпен шұғылданып келемін, салауатты өмір салтын ұстанамын. Спорт адамды шыңдап, мінезі мен рухын тәрбиелейді деп сенемін. Мұндай турнирлер халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және полицейлердің кәсіби дайындығын арттыруға ықпал етеді. Жеткен жетістікпен тоқтап қалмай, әрдайым дамып, үлкен жеңістерге ұмтылу қажет, – дейді Қанағат Ыдырышев.
Айта кетейік, Қанағат Ыдырышев – еркін күрестен спорт шебері, сондай-ақ қолма-қол ұрыстан, жауынгерлік самбодан және қазақ күресінен спорт шеберлігіне кандидат.