Павлодарлық «Рух» этно-микс тобы Түркияда жеңіске жетті

Павлодарлық «Рух» этно-микс тобы Түркияда жеңіске жетті
Фото: Мәди Төлепов ұсынды

«Global Art Competition» халықаралық байқауы Аланья қаласында өтті, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аталған жарыста Түркия, Грузия, Әзербайжан және Қазақстаннан 100-ден астам өнерпаз өздерінің орындаушылық шеберліктерін көрсеткен. Олардың ішінде «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының «Рух» этно-микс тобы қатысты. 

Заманауи топ – Ертіс өңірінің жас, бірақ болашағы зор музыканттардан құрылған, өзіндік ерекшелігі бар әрі қайталанбас стилімен көрерменді баурап алатын шығармашылық ұжым.

Қазіргі уақытта этно-микс тобы барған сайын танымал бола түсуде. Қазақ ұлттық музыкалық мәдениетінің дәстүрлерін жалғастырып, дамытуда.  

– Байқау жоғары деңгейде өтті. Біздің ансамбль домбыра, жетіген, шаңқобыз, прима қобыз, дабыл аспаптарымен өнер көрсетті. «Рух» этно-микс тобы бірінші турда «Елім-ай» және «Қамажай» авторлық өңдеудегі шығармаларын орындады. Соңғы турда авторлық «Рух» туындысын ұсынды, – деді топ жетекшісі Мәди Тулев.

Топ музыканттары шығармалардың тарихи шығу тегін сақтай келе, фольклорды заманауи формалармен синтездеу арқылы жас тыңдаушылардың назарын аударып, қызығушылығын оятады, ұлттық музыка мен аспаптарға деген сүйіспеншілік сезімін дарытып, ұлттық мәдениетті құрметтеуге тәрбиелейді.

Байқау қорытындысы бойынша «Рух» этно-микс тобына грамота мен кубок табыс етілді.