Павлодарлық шаруалар көктемгі егіс науқанын мерзімінде аяқтады

Павлодарлық шаруалар көктемгі егіс науқанын мерзімінде аяқтады
Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов егіс және көктемгі дала жұмыстарын аяқтау мен АӨК-ті дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жұмыс сапары аясында Солтүстік Қазақстан облысына барған Олжас Бектенов агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және көктемгі дала жұмыстарын аяқтау мәселелеріне арналған кеңес өткізді. Оған онлайн форматта Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов пен өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері қатысты.

– Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының басым бағыты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саланың қарқынды дамуына ерекше назар аударып, оның ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартудағы маңыздылығын, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін және экономиканың орнықты өсуін қамтамасыз етудегі рөлін үнемі ерекше атап көрсетіп келеді, - деді Олжас Бектенов. 

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров егіс науқанының аяқталғаны туралы баяндады. Биыл 23,8 миллион гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 180 мың гектарға артық. Президент тапсырмасы бойынша жоғары рентабельді және әлеуметтік маңызы бар дақылдар алқаптарын ұлғайта отырып, егіс алқаптары құрылымын әртараптандыру жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алқабы 15,8 млн гектарға, майлы дақылдар 4,3 миллион гектарға, мал азықтық дақылдар 3,3 миллион гектарға егілді.

 Шегірткеге қарсы күрес аясында биыл 2,2 млн гектар жер өңделеді. Бүгінде шамамен 665 мың гектарда зиянкестерге қарсы іс-шаралар аяқталды. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін мемлекет тарапынан қажетті қолдау шаралары қабылданды: шаруалар 402 мың тонна жеңілдетілген дизель отынымен қамтамасыз етілді, 2,3 миллион тонна көлемінде тұқымға қажеттілік толық жабылды, 2,3 миллион тонна минералды тыңайтқыштар енгізу жоспарланған.

Павлодар облысында жалпы егіс алқабы 1 миллион 703 мың гектарды құрады.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Хамза Оразбековтің айтуынша, көктемгі дала жұмыстары уақытында және еш кідіріссіз аяқталған.

- «Кең дала-2» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несиелендіру көлемі 26 миллиард теңгеден асты. Көктемгі егіс жұмыстарына 1200-ден астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі қатысты. Өңірге нарық бағасынан 25 пайыз төмен бағамен 27 мың тонна дизель отыны бөлінді. Егіс құрылымын әртараптандыру аясында бидай алқабы 9,5 мың гектарға қысқарып, майлы дақылдар 31 мың гектарға артты, - деді Хамза Оразбеков. 

Шаруалар да көктемгі науқанның ауа райының құбылмалы болуына қарамастан уақытылы өткенін айтты.

«Галицкое» шаруа қожалығының басшысы Александр Касицын биыл 33-ші егіс науқанын өткізгенін атап өтті. Оның айтуынша, әр маусымның өзіндік ерекшелігі бар, биылғы жыл да ерекше болды.

- Қыс қарлы болды. Қар жамылғысындағы ылғал қоры жеткілікті еді. Көктемде еріген су жақсы сіңді. Егіс жұмыстарының басында топырақтағы ылғал жеткілікті болды. Бұл үміт сыйлады. Бірақ сәуірде 30 градусқа дейін жылу болды, кейін қайта үсік түсті. Біз егістікке сәуірдің 20-ларында шықтық. Барлық жұмыстар оңтайлы мерзімде аяқталды. Егіс көлемі 35 мың гектардан асты. Оның ішінде күнбағыс, бидай, арпа, қарақұмық бар. Дегенмен маусым соңында ылғал қоры өте төмен болды, терең өңдеуді қолға алдық, - деді Александр Касицын.  

Шаруаның айтуынша, «Кең дала» бағдарламасы шаруашылық үшін үлкен қолдау болған. Бірінші транш өткен жылдың желтоқсанында, екіншісі ақпанда алынған. Бұл қаражат қосалқы бөлшектер, жанар-жағармай және гербицидтерді уақытылы сатып алуға мүмкіндік берген.

Фермер қазіргі жағдай тұрақты екенін, алайда алдағы он күнде жауын-шашынның түсуі маңызды екенін айтты.

- Қазіргі таңда барлық егістікте көктеу жақсы. Бірақ арамшөптерге қарсы күресті уақытында бастау маңызды. Күнбағыстың алғашқы егістерінде гербицидтік өңдеу басталды. Бұл жерде ең бастысы – дер кезінде әрекет ету, - деді ол.  

Шаруашылық алдағы уақытта суармалы жер көлемін кеңейтуді жоспарлап отыр. Қазір 1600 гектар суармалы жер бар, қосымша 450 гектарға жоба дайындалып, сараптама қорытындысы алынған. Болашақта суармалы алқапты 2100 гектарға дейін жеткізу көзделуде.

«Ақтоғай Агро» кәсіпорны үшін де көктемгі егіс науқаны оңай болмағанымен, заманауи технологиялардың арқасында барлық жұмыс жоспарға сай орындалды.

Компания директоры Александр Терентьевтің айтуынша, биыл 1200 гектар «Гала» картобы егілген. Сонымен қатар «Каскад» және «Абака» сәбіз сорттары себіліп, мал азығы дақылдарының алқабы кеңейтілген.

Кәсіпорын мемлекеттік қолдау тетіктерін белсенді пайдаланып отыр.

- Кәсіпорын екі қаржы институтымен, соның ішінде Агрокредиттік корпорациямен және «Кең дала» бағдарламасымен жұмыс істейді. Осы арқылы ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Қазір сүт-тауар фермасының құрылысы жүріп жатыр, онда мал басын 1500-ден 2000 басқа дейін ұлғайту жоспарланған. Болашақта сүт зауытын салу жобасы да қарастырылып отыр, - деді Александр Терентьев. 

Топырақ ылғалдығын сақтау үшін мұнда заманауи агротехнологиялар мен жоғары өнімді еуропалық техника қолданылады.

Шаруаларлың айтуынша, жерді өңдеу бұрынғыға қарағанда терең әрі тиімді жүргізілуде. Бұрын Bourgault сепкіштері қолданылса, қазір дәл егіс технологиясына негізделген Horsch техникасы пайдаланылады. Жұмыста цифрлық шешімдер енгізілген.

Қазір химиялық арамшөпке қарсы өңдеу жүргізілуде. Келесі кезең – дрондарды пайдалану.

- Өткен жылдан бастап дрондарды қолданып көрдік, ол қиын қолжетімді жерлерде өте жақсы нәтиже көрсетті, - деді фермер. Сондай-ақ кәсіпорын «Гала» картобының өнімін Қазақстаннан бөлек Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстанға да экспорттайды. 

Кеңес қорытындысында Премьер-министр Мемлекет басшысының азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және АӨК-ті жоғары технологиялы экспорттық салаға айналдыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін барлық қажетті жағдай жасалып жатқанын атап өтті.

- Өсімдік шаруашылығы саласы тұрақты өсім көрсетіп отыр, ал біздің міндетіміз – осы қарқынды сақтап, одан әрі арттыра түсу. Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары және Экология министрліктері өңір әкімдіктерімен бірлесіп, әсіресе қуаңшылық қаупі бар аймақтарда егістіктерді сумен қамтамасыз ету жағдайын тұрақты бақылауда ұстауы тиіс. Қажет болған жағдайда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау және өнімді сақтап қалу үшін жедел шаралар қабылдау керек. Барлық агротехнологиялық талаптар белгіленген ғылыми нормаларға қатаң сәйкес орындалуы тиіс. Минералды тыңайтқыштарды уақтылы енгізуді қамтамасыз ету қажет. Өсімдіктерді қорғау шараларын жүргізуге ерекше назар аудару керек, - деді Олжас Бектенов. 

Барлық тапсырмалардың сапалы орындалуын бақылау Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдіктеріне жүктелді.