Павлодарлық спортшылар боччадан өткен республикалық турнирде жеңімпаз атанды

Павлодарлық спортшылар боччадан өткен республикалық турнирде жеңімпаз атанды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қарағанды қаласында мүмкіндігі шектеулі балалар арасында бочча спортынан республикалық турнир өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Сегіз спортшыдан құралған Павлодар облысының командасы ауқымды жарыста өңір намысын қорғап, командалық және жұптық сайыстарда бірінші орын иеленді.

Павлодарлық спортшылар турнирдің жеке жарыстарында да жоғары нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, Нұржан Майкенов, Ержан Русланұлы және Станислав Суфьянов өз санаттарында алтын медаль жеңіп алса, Виктор Кожевников пен Ульяна Кудинова күміс жүлдеге ие болды.

– Мұндай жарыстар қатысушылардың шеберлігін арттырып қана қоймай, ерекше қажеттіліктері бар балалардың әлеуметтік бейімделуіне де оң әсер етеді, – деп хабарлады «Аманат» партиясы облыстық филиалының баспасөз қызметі.

Облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко бастаған депутаттық корпус өңірде мүмкіндігі шектеулі жандар арасында спортты дамытуға тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Бұл жолы «Аманат» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасының елшісі Александр Толмачев балалардың республикалық турнирге қатысуын ұйымдастыруға демеушілік жасап, жол шығындарын өтеді.