Павлодарлық студент халықаралық байқауда топ жарды

Павлодарлық студент халықаралық байқауда топ жарды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мәскеу қаласында Гнесиндер атындағы үрлемелі аспаптарда орындаушы жас музыканттардың V Халықаралық байқау-фестивалі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аталған фестиваль әлемнің түкпір-түкпірінен келген дарынды орындаушыларды біріктіретін маңызды халықаралық шығармашылық алаң болып саналады.

Павлодар музыкалық колледжінің студенті, Шлегель В.А. сыныбының білім алушысы Түрегелді Жасұлан әлемдік деңгейдегі беделді өнер додасында Павлодар өңірінің намысын абыроймен қорғады.

Байқау-фестивальге алты жастан 20 жасқа дейінгі жас музыканттар қатысты. Қатысушылар балалар музыка және өнер мектептері мен арнаулы орта оқу орындары санаттары бойынша, сондай-ақ соло, дуэт және ансамбль номинацияларында бақ сынасты. Байқауға Ресейдің әр өңірінен және жақын шетелдерден, соның ішінде Беларусь пен Қазақстаннан шамамен 160 өтінім қабылданды.

Фестиваль аясында байқау тыңдауларымен қатар қазылар алқасының мүшелері мен арнайы шақырылған белгілі педагогтар және үрлемелі аспаптарда ойнайтын концерттік орындаушылардың қатысуымен шеберлік сағаттары мен дәрістер ұйымдастырылды. Сонымен бірге әр кеш сайын Орган залында дәстүрлі «Гнесинкадағы Рождество фестивалі» аясында концерттер өтті.

– Байқау қорытындысы бойынша Түрегелді Жасұлан үшінші дәрежелі лауреат атанып, жоғары орындаушылық шеберлігімен, музыкалылығы және сахналық мәдениетімен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды, – деді облыстық білім басқармасында. 

Бұл жетістік – жас музыканттың ғана емес, Павлодар музыкалық колледжінің және тұтас Павлодар облысының үлкен жетістігі.