Павлодарлық студенттер Польша, Чехия, Түркия және Германияда тәжірибеден өтуде
Мұндай мүмкіндік Ломжедегі қолданбалы ғылымдар халықаралық Академиясымен жасалған келісімшарт шеңберінде туды, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Торайғыров университеті баспасөз қызметінің мәліметінше, агрономдар мен биологтар академиялық ұтқырлық бағдарламасы шеңберінде Польша, Түркия, Германия және Чехия кәсіпорындарында жүр. Өндірістік тәжірибе PrimаVega ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіретін және өндіретін ірі инновациялық компаниясында өтіп жатыр (Польша). Барлығы 20 студент шетелде білімін жетілдіруде.
– Жаңа білімдер мен дағдылар жастарға отандық және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болуға көмектеседі. Біздің мақсатымыз да сол. Ол үшін шетелдік жоғары оқу орындары мен компаниялармен серіктес болуға тырысамыз. Біз үшін студенттердің үздік тәжірибелерді меңгеруі маңызды. Тәжірибеден өтіп жатқан жастарды тағатсыздана күтеміз, – дейді ЖОО ректоры Еркін Садықов.
Студенттер «Green Holding» компаниясында ауыл шаруашылығы өнімдерін қаптау, өсіру, суару, жинау бойынша тәжірибелерін арттырады. Бұл – Еуропада ауыл шаруашылығы тауарларын өндіретін жетекші холдинг.
Анталияда тәжірибе «Caspian Center» ЖШС-де, Здуновода «Agrarna AR Sp.z.o.o» компаниясында, Германиядағы тәжірибе «DUELA-Nienburg» және «LOGO.e.V» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде қолға алынған. Чехияда тәжірибелік жұмыс Оломоуц қаласындағы Палацк университетінде ұйымдастырылды.
Айта кетейік, Павлодар облысы аграрлы аймақ болып табылады. Өңірге заманауи және техникалық тұрғыдан дамыған кәсіпорындарда тәжірибеден өткен кәсіби мамандар керек. Студенттер тәжірибеден өткен мерзім еңбек өтілі ретінде есептеледі.