Павлодарлық студенттердің жобасын мемлекеттік жүйеге енгізу ұсынылды

Павлодарлық студенттердің жобасын мемлекеттік жүйеге енгізу ұсынылды
Фото: pixabay.com/Pexels

Шаһарға жұмыс сапарымен ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жұмыс сапары аясында вице-министр Торайғыров университетінің қабырғасында халықпен кездесу өткізді. Жиынға профессорлар, студенттер және қала тұрғындары қатысты.

Шара барысында вице-министр Мемлекет басшысының соңғы Жолдауында айтылған негізгі бағыттары қалай іске асып жатқаны туралы баяндады. Оның ішінде ерекше назар жасанды интеллект технологияларын дамытуға аударылды.

– Қазір әлем ЖИ дәуіріне қадам басты. Президент бұл бағытта нақты міндеттер қойып отыр. Біз өзіміздің тәжірибеміз бен жастардың әлеуетін ескере отырып, жасанды интеллектіні дұрыс әрі қауіпсіз қолдану дағдыларын қалыптастыруымыз қажет. ЖИ ел игілігіне жұмыс істеу керек, – деді Динара Щеглова.

Сонымен қатар, ол жергілікті студенттердің IT жобаларымен танысып, олардың алғашқы бастамаларына оң баға берді. Оның сөзінше, қазіргі студенттік жобалар бұл алғашқы қадамдар. 

Айта кетейік, жуырда аталмыш оқу орнының студенттері Meta LLaMA Accelerator Kazakhstan бағдарламасының жеңімпаздары атанды. Олар жасанды интеллект арқылы шығаратын Neuro News веб-қосымшасын ойлап тапты. Бағдарлама инклюзивті функцияларды қамтиды. Атап айтқанда: дауыстық көмекші, мәтінді дыбыстау, көзі нашар көретін жандарға арналған арнайы контрасты жүйені қамтиды.

Қосымша арқылы жаңалықтар мен деректер сараланып, оның аясында өңделген дайын мәтін шығады. Жоба авторларының сөзінше, бұл сала қызметкерлерінің жұмыстарын жеңілдетеді.

– Meta акселераторында жеңіске жеткен жастардың жобасын қарастырсақ, оны мемлекеттік басқару жүйесіне енгізу бойынша ұсыныс жасауға болады деп ойлаймын. Өйткені үкіметтік құрылымдарда құжат айналымы тек қорғалған байланыс желісі арқылы жүргізіледі, онда ақпараттық қауіпсіздік тексерісінен өткен қосымшалар ғана қолданылады. Сол себепті студенттердің осы жобасын сол жүйеге бейімдеп, енгізу мүмкіндігін қарастыру орынды болар еді. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметкерлерге өз саласына қатысты деректерді талдап, тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік береді, – деді вице-министр.

Вице-министр оқу орынның студенттерімен және профессор-оқытушылар құрамымен жеке кездесулер өткізеді. Жиын барысында ЖИ жоғары білім берудегі рөліне арналған арнайы дәрістер оқиды.

Фото: Диана Вакулина