Павлодарлық тергеу изоляторының қызметкерлері садақ атып үйренді
Бұл шара Конституция күні мерекесі аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша қылмыстық-атқрау жүйесі департаментінің мәліметінше, бұл үшін Павлодар қаласы №63 тергеу изоляторының қызметкерлері «TURAN» садақ ату орталығының өкілі Амангелді Қайратұлын шақырды.
– Еліміздің Конституциясы күні ұлттық патриотизм мен эстетикалық мәдениетті қалыптастыру мақсатында ұлттық ойындарды насихаттаудың нәтижесінде жеке құрам арасында садақ атудан шеберлік сабағы өтті. Қызметкерлерге алдымен садақ атудың негізгі шарттары мен қағидалары түсіндірілді, – дейді мекеме басшысы Саян Рахметжанов.
Шара барысында атқан жебелері нысанға жетпеген қызметкерлер уақыт өте келе дәлдігін байқата бастады.
– Олар балалық шақтарында өздері қолдан жасаған садақпен ойнағанын естеріне алды. Бүгінгі шеберлік сабағында біздің қызметкерлердің көңіл күйлері көтеріліп қалды. Бұл біздің қызметімізге өте қажет, – дейді Саян Рахметжанов.
Айта кету керек, садақ ату спорт түрі ретінде мемлекет тарапынан қолдау тауып, өз мәртебесіне ие бола бастады. Елде садақ атудан жарыстар, ел чемпионаттары өтуде. Садақ ату федерациясы құрылып, ойын ережелері бекітілді.