Павлодарлық жұрт бір-біріне алғыс айта бастады
Облыстық Аналар кеңесі, Наум Шафер мұражай-үйі және «Ауыл» партиясы осы жобаны жүзеге асыруда бірлесіп, меморандум бекітті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Достық үйінде «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» бағдарламасы аясында өткен іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесінің мүшелері, мектеп ұстаздары мен оқушылары қатысты.
Аталмыш жиын қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын көрсету арқылы балалар мен жастарды мәдени мұрасымен таныстыруға, мемлекеттік тілді оқып-үйренудің және танымал етудің жаңа форматтарын іздестіруге, патриоттық тәрбиелеуге, ұрпақтар сабақтастығына бағытталған.
– Іс-шарада әртүрлі ұлт өкілдері қатысып, қазақ тілінде ұлттық дәстүрлерді көрініс арқылы сахналады. Бүгінгі фестиваль ұлттық сананы, ұлттық құндылығымызды әрі қарай жаңғыртуға себеп бола алады, – дейді Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрағасы Бақытжамал Максилова.
Фестиваль шымылдығын «Тоқымқағар» дәстүрімен №21 жалпы орта білім беру мектебі ашты. Екінші болып өз бағдарламасын №26 жалпы орта білім беру мектебі «Беташар» дәстүрімен жалғастырды. Кейін №17 жалпы орта білім беру мектебі «Сыңсу» дәстүрін ұсынды. Ал №24 жалпы орта білім беру мектебі «Ерулік» дәстүрімен аяқтайды.
– Жергілікті тұрғындар жаңа қоныстанушыларды үйіне шақырып, ерулік ас берген. Тұрғылықты ауыл тұрғындары жаңа қонысқа көшіп келген отбасы сол ортаға тез үйренісіп, бір-бірімен жақын араласып кетуін ойлап, барынша көмек берген. Бұл салт-дәстүрді ерекше насихаттағымыз келді, – дейді №24 жалпы орта білім беру мектебінің мұғалімі Бағдаш Жұматқызы.
Фестиваль адамгершілік құндылықтарды, достық, алғыс және мейірімділік принциптерін ілгерілетуге арналған Алғыс айту күні қарсаңында ұйымдастырылды.
Айта кетейік, Алғыс айту күні аясында бүкіл республика бойынша «Қоржын» қайырымдылық акциясы іске қосылды.