Павлодарлық жас музыканттар Түркияда үздік атанды
Аланья қаласында әлемнің түкпір-түкпірінен дарынды музыканттар мен орындаушыларды жинаған «Global Art Competition» атты IV халықаралық байқауы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатының оқушылары аталған іс-шараның жарқын жұлдыздарына айналып, шеберлік пен шығармашылықтың жоғары деңгейін көрсетті.
– Павлодар облысы үшін 7-сынып оқушысы Анель Даниярдың жеңісі ерекше жетістік болды. Ол өзінің оқытушысы Яна Касьянның жетекшілігімен бірінші орынға ие болып, алтын медаль жеңіп алды. Әрине, бұл нәтиже – Анельдің өз өнеріне салған көпжылдық еңбегі мен күнделікті жаттығуларының негізі белгісі, – деді мектеп-интарнатта.
Күміс медальді 8-сынып оқушысы Жәмиля Сыздықова иеленді. Ол техникасының жоғары деңгейімен және эмоционалды тереңдігімен ерекшеленген. Жәмиляның бұл қасиеті қазылар алқасының назарынан тыс қалмады. Сондай-ақ, концертмейстер Марго Колаянның қолдауы мен кәсібилігі шеберлігін атап өткен жөн.
Музыкалық колледждің «Ішекті аспаптар» бөлімінің студенті Дана Ибраева бірінші дәрежелі лауреат атанды. Ал Павлодардың танымал «Этномикс» тобының қатысушысы Айым Мэлс шығармашылық ұжым құрамында конкурстың бас жүлдесін жеңіп алды.
Айта кетерлігі, байқауға Қазақстан, Ресей, Түркіменстан, Беларусь, Армения, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және басқа елдердің өкілдері қатысты.