Павлодарлық желаяқ халықаралық турнирде чемпион атанды
Жарысқа 80-ге жуық спортшы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, Өскемен қаласында Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың жүлделеріне арналған 9-шы халықаралық турнир өтті.
Аталмыш жарысқа Өзбекстан, Түркия, Тәжікстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Армения, Грузия және Қазақстанның түрлі аймақтарынан 79 қатысушы қатысты.
Жарыс қорытындысы бойынша, 60 метр қашықтықта жүгіруден павлодарлық спортшы Ольга Сафронова 7,38 секундта жүгіріп өтіп, чемпион атанды.
Еске сала кетейік, Ольга Сафронова – еліміздің үздік спринтері. 2020 жылы Түркия елінде European Athletics Indoor Permit Race сериясының Istanbul Indoor Cup 2020 халықаралық турнирінде 60 метрге жүгіруден қола медаль иегері атанды. Былтыр Астана қаласында өткен Азия чемпионатында 60 метрге жүгіруде күміс жүлде жеңіп алды.