Павлодарлықтарға полиция техникасын жақыннан көруге мүмкіндік туады
Бағдарламаға фотокөрме, арнайы техника көрмесі және мерекелік концерт енгізілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
21 маусым күні «Ertis Promenade» жағалауында полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған мерекелік шара өтеді.
Кеш бағдарламасы сағат 17:00-де басталады. Қонақтарға ашық аспан астында арнайы техника көрмесі ұсынылады. Тұрғындар полицияның қызметтік көліктері мен заманауи жабдықтарын жақыннан көре алады.
Сол уақытта «Бейбіт күннің батырлары» атты фотокөрме де жұмысын бастайды. Экспозицияда павлодарлық полицейлердің қызметі мен күнделікті еңбегін бейнелейтін фотосуреттер ұсынылады.
– Іс-шараның мақсаты – тұрғындарды полиция қызметімен жақынырақ таныстыру және кәсіби мерекені қала тұрғындарымен бірге атап өту, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Мерекелік бағдарламаның негізгі бөлігі сағат 20:00-де басталады. Көрермендерді концерттік бағдарлама, жанды музыка және шығармашылық нөмірлер күтеді.
Кіру тегін.