Павлодарлықтар Құранды қалай, қайдан үйрене алады?

Өңірде діни білім мен рухани мәдениетті дамыту ісі жылдан-жылға қарқын алып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала мен ауыл мешіттерінде Құран оқуға арналған тұрақты сабақтар өтіп тұрады. Ерлер мен әйелдерге арналған арнайы курстарда жасы мен біліміне қарамастан кез келген адам діни сауатын ашып, Құран оқуды үйрене алады.
– Біздің мешіттерде сабақ беретін ұстаздар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бағдарламасы бойынша даярланған. Аптасына бірнеше рет келіп, Құран оқуды үйренуге мүмкіндік бар, – дейді Павлодар қаласындағы Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің наиб имамы Қанат Қабаев.
Оның айтуынша, жаз айларында мектеп жасындағы балалар үшін дәстүрлі түрде жазғы Құран лагерьлері ұйымдастырылады. Мұнда балаларға араб әліпбиі, Құран оқу ережелері және исламның адамгершілік қағидалары үйретіледі.
– Жазғы лагерьлерде балалар тек Құран оқуды үйреніп қана қоймай, рухани тәлім алады. Біз оларды ата-ананы құрметтеуге, елін сүюге және еңбекқор болуға баулимыз, – дейді имам.
Бүгінде павлодарлықтардың Құран оқуға деген қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді. Қасиетті кітапты үйренуге ұмтылған жастар мен ересектердің саны арта түсуде.
Осы игі істің бір бөлігі ретінде өңірде діни кадрларды даярлайтын «Әбу Бәкір Сыддық» медресесі жұмыс істейді. Бұл оқу орны Павлодар облысының ауылдық аймағында орналасқан және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты тоғыз медресенің бірі болып табылады.
Медреседе шәкірттер Құран, хадис, шариғат ілімі мен сенім негіздерін меңгереді. Оқу мерзімін аяқтаған түлектер имам, ұстаз немесе діни қызметкер ретінде еңбек етуге мүмкіндік алады.