Павлодарлықтар Тверь сахнасында қазақ әуендерін орындады

Өңір делегациясы жаңа идеялар мен халықаралық достық рухына шабыттанып, отанына оралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, Ресейдің Тверь қаласында өткен әйгілі «Андреевские дни» халықаралық фестиваліне музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатының студенттік оркестрі алғаш рет қатысты.
Фестивальдің ашылуы мен гала-концертке Тверь облысының мәдениет министрі Елена Постнова қатысты. Сахнада әлемнің түрлі елдерінен келген ұжымдармен бірге ҚР еңбек сіңірген қайраткері Виктор Денисенконың жетекшілігімен павлодарлық оркестр де өнер көрсетті.
Бағдарламада қазақ композиторлары Нұрғиса Тілендиев пен Еркеғали Рахмадиевтің, сондай-ақ Владимир Харламов пен Валерий Шелеповтың шығармалары орындалды. Қазақ әуендері Тверь сахнасында шырқалып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Делегация құрамында халықаралық байқаулардың лауреаты, ҚР Мәдениет үздігі Серік Сыздықов, ҚазҰӨУ профессоры Данияр Сұлтанов және колледждің дарынды студенттері болды.
Фестиваль шеңберінде «Павлодар музыкалық колледж-дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернаты» мен Тверь облысы мәдениет басқармасының Тверь халық шығармашылығы үйі арасында ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Құжатқа кешен басшысы Серік Сыздықов пен Тверь халық шығармашылығы үйінің директоры Елена Марина қол қойды.
Бұл келісім екі өңір арасындағы мәдени байланысты нығайтып, болашақта бірлескен концерттер, шеберлік сабақтары және шығармашылық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.