Павлодарлықтар жол-көлік оқиғасын полицейлерсіз тіркей алады
Ол үшін мобильді қосымша ғана қажет, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров мәлім етті.
– 1 қаңтардан бастап «Еурохаттама» мобильді қосымшасы арқылы полиция қызметкерлерін шақырмай-ақ шағын жол-көлік оқиғасын өздігінен рәсімдеу механизмі іске қосылды. Яғни, соттың шешімінсіз, полицейлердің тікелей қатысуынсыз жеңілдетілген түрде сақтандыру төлемін алуға болады, – деді спикер.
Оның сөзінше, тұрғындар ұсақ жол-көлік оқиғасын «Еурохаттама» мобильді қосымшасы арқылы белгілі бір қағидаттар бойынша тіркей алады.
– Ол үшін жол-көлік оқиғасына тек екі көліктің түсуі, қатысушының денсаулығына зиян келтірмегені шарт. Сондай-ақ, шығын сомасы 100 айлық есептік көрсеткіштен аспауы керек. Жол-көлік оқиғасына қатысушыларында кінәлі және жәбірленушіні анықтау бойынша келіспеушіліктері болмауы маңызды. Оған қоса екеуінде де сақтандыру полистері болу керек, – деп түсіндірді Жасқайрат Қайыров.
Бүгінде «Еурохаттама» мобильді қосымшасын пайдаланып, сақтандыру төлемдерін алған алты факт тіркелді. Егер жүргізушілер апаттың мән-жайы туралы уағдаласа алмаған жағдайда олар полиция қызметкерлерін шақыруға және белгіленген тәртіппен ЖКО ресімдеуге міндетті.