Павлодарлық гимнастар Кореяда өткен Азия чемпионатында жүлде алды

Павлодарлық гимнастар Кореяда өткен Азия чемпионатында жүлде алды
Суреттер спортшылардың жеке мұрағатынан алынған

Олар жалпыкомандалық есепте қола медаль иеленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Чечхон қаласында (Оңтүстік Корея) жастар мен ересектер арасында спорттық гимнастикадан Азия чемпионаты өтті.

Қазақстан құрамасының сапында өңірімізден төрт спортшы қатысып, барлығы жүлделі орындарға ие болды.

Қазақстан ересектер құрамасының сапында Роман Маменов командалық біріншілікте қола жүлдегер атанды. Біздің жасөспірімдер Роман Хегай, Нұртан Ыдырысов және Артем Ковалев осындай жетістікке жетті.

Жеке біріншілікте Роман Хегай алтын, ал Нұртан Ыдырысов жекелей сында алтын және күміс медальді жеңіп алды.

Азия чемпионатына 24 елдің гимнастшылары қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша біздің команда үшінші орынға ие болды. Бірінші орынды жапондық гимнастшылар, екінші орынды Оңтүстік Корея спортшылары иеленді.

Чемпионатқа белгілі спортшылар қатысты: Париж Олимпиадасының абсолютті чемпионы Ока Шинносуке (Жапония), екі дүркін Олимпиада чемпионы Карлос Юло (Филиппин), Олимпиада чемпионы Казума Кая (Жапония), Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нариман Құрбанов (Қазақстан).