Екібастұзда «Шорман би» кітабы жарық көрді

Кітап 200 дана таралыммен «Сытин» баспаханасында басылып шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақын, «Отарқа» газетінің редакторы Жанаргүл Қадырованың құрастыруымен жарық көрген еңбек 248 беттен тұрады. «Шорман би» тарихи-танымдық кітабы – қазақ халқының өткен тарихын, шешендік өнерін насихаттап қана қоймай, бүгінгі ұрпағының өткенге салауаты мен құрметін дәріптейтін еңбек.
Даланың дара тұлғасы Шорман би Күшікұлы жайлы Мәшһүр бабамыздан бері жалғасқан әдеби жәдігерлер түрлі дереккөздерде жарияланып жүргенімен, тұтас кітап болып жарыққа шығуы алғаш рет, бұған дейін тек Шорман бабамыздың ұрпағы – Мұса Шорманұлы жайлы кітаптар ғана оқырман қолына тиген.
Кітаптың «Баба рухына тағзым» бөлімінен оқырман 2022 жылы Ереймен бауырында бабамызға ескерткіш тас орнатылып, ас берілуіне қатысты оқиғалармен және Шорман баба есімінің насихатталуына қатысты деректермен таныса алады. «Бала би» бөлімі шормантануға қарымды қаламгер Қалмұқан Исабай бастаған зерттеушілер қосқан еңбектерді қамтиды. Бұл жазбаларды тұтас бір бөлімді қамтыған ғалым, академик Алтынбек Нухұлының Шорман әулетіне қатысты жаңа, тың зерттеулері жалғайды («Шежіре шертіп асқақ даламызда, бабалар рухы тұрар арамызда...).
«Шорман бабамыз айтты» деген шешендік сөздер әлдеқашан қазақ фольклорының бір бөлшегіне айналып, әдебиет мұхитына қосылғаны хақ. Би есімімен байланысты әдебиет жауһарлары шоғырланған келесі бөлім Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жазбаларына арналып, одан әрі «Шешендік сөздер» бөліміне ұштасады. «Қаржаста бір құтым бар Мұса Шорман», «Ақкелін тойынан – тобықтай...» бөлімдері Мұса Шорманұлына қатысты ертеректегі зерттеулерге (Ә.Марғұлан, Қ.Исабаев) қоса, «Орта жүздің шамшырағы» атанған біртуар тұлғаны ұлықтауға арналған бертінгі іс-шаралардан хабар береді.
– Дала данагөйі, Баянауыл дуанының аға сұлтаны болған тарихи тұлға – Шорман бидің өмірі мен өнегесінің ел ішінде ауыздан-ауызға айтылу арқылы ғана жетпей, аңыз әңгіме болып қағаз бетіне түсуі алдыменен әулие Мәшһүр Жүсіп еңбектерінен бастау алады. Осы үрдіс қазақтың жазушысы Қалмұқан Исабаев, Баянауылдан шыққан ғалымдар Алтынбек Нухұлы, Серік Жақсыбаев, Ерлан Арын, Қырықбай Алдабергеновтермен де тоқтамай, жас қаламгерлердің жалғап әкеткені сүйінішті – оның бәріне материалдар жинақтау барысында көз жеткіздік, – дейді құрастырушы Жанаргүл Қадырова.
Оның айтуынша, бұл кітап тұлғатану, өлкетану салаларына өзінше бір серпін берері анық. Жаңа кітапты қолға алу арқылы оқырман бүгінгі таңда назарға алынбай жүрген шешендік өнерге көңіл аударуы тиіс.
Қазақтың дәстүрлі ән өнеріндегі айтулы әндердің біразының тамыры Шорман әулетінің тарихына байлаулы екені белгілі. Жалпы, осынау еңбек Шорман әулетінің тек поэзия мен ән өнері ғана емес, өнердің алуан түрімен етене байланысып жатқанына көз жеткізеді. Аталмыш еңбек Шорман әулетіне қатысты жаңа зерттеулермен де құнды, мәселен, бұған дейін әр жерде шашыраңқы түрде аталып жүрген Шорман әулетіне қатысты топонимдер жүйеленіп, топтастырылған.
Бұл кітап алдағы уақытта шормантану саласының жаңа парақтарының ашылуына ықпалын тигізіп, мектеп оқушылары арасында Шорман би оқуларын ұйымдастыруға да себепші болар деген де үміт зор.