Павлодарлық машина жасау зауытында этноауыл құрылып, Наурыз мейрамы тойланды

Павлодарлық машина жасау зауытында этноауыл құрылып, Наурыз мейрамы тойланды
Фото: Алексей Омельницкий

Қызметкерлер жұмыс киімдерін ұлттық киімге ауыстырып, спорттық жарыстарға қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстағы мекемелер мен кәсіпорындар Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын атап өтуді бастап кетті. Осы ретте, павлодарлық ERG Service машина жасау зауыты Наурыз мейрамын және Ұлттық спорт күнін атап өтті. Бұл күні техникалық жабдықтар тоқтатылып, қызметкерлер Ұлыстың ұлы күніне орай басшылық ұйымдастырған той-думанға, қызыққа куә болды.

Мереке күні зауыттың аумағы шағын этноауылға айналды. Ақшаңқан киіз үй тігіліп, алтыбақан орнатылып, қазақтың ұлттық тағамдары әзірленді. Жұмыс киімдерін қазақы нақыштағы киімдерге ауыстырған зауыттықтар тойдың сәнін кіргізді. Сахна төрінен қалықтаған әсем әндер мен әдемі би мерекені қыздыра түсті. Жиылған жұрт бауырсақ, наурыз көже мен қазы-қартадан дәм татып, мерекелік концерттік бағдарламаны тамашалай алды.


«ERG Service» ЖШС қорлар және қойма логистикасы басқармасының басшысы Алмас Алиев Наурыз мейрамы салт-дәстүрлерді жаңғыртудың ғана емес, сонымен қатар ұлттық болмысымызды нығайту мүмкіндігі екенін атап өтті.

–  Наурыз – 5 мыңжылдық тарихы бар түркі халықтарының ортақ мерекесі. Бұл күн –  тек табиғаттың ғана жаңарып қоймай, адамзаттың да жаңаруына себепкер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үкімімен өткен жылдан бастап ұлттық мереке жаңаша бағытта аталып өтіледі. Осыған орай, Наурызнаманың онкүндігі де жарияланды. Бүгінгі күн Наурызнаманың жетінші күні – Ұлттық спорт күнімен тұспа-тұс келді. Осы ретте, Наурыз мейрамын атап өтіп әрі зауыт қызметкерлері арасында ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастыруды жөн санадық. Себебі, біздің ұжымның қызметкерлері спорттан құр алақан емес, - деп атап өтті Алмас Муханбединович.


Айта кету керек, өткен жылдан бастап жаңаша бағытта атап өтілетін Наурыз мерекесі зауыт қабырғасында жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.

Былтыр Наурыз мейрамы кәсіпорынның әр бөлімінде өткізілген болатын. Биыл ұлттық мерекені кеңінен насихаттау мақсатында зауыттың ауласында өткізуді құп көрдік. Киіз үй құрып, алтыбақан орнаттық. Әдейілеп сахна құрдық. Болашақтамейрамның деңгейін көтеруді жоспарлап отырмыз. Наурыз мейрамы - әр жыл сайын қызметкерлерді ортақ құндылықтар мен дәстүрлер аясында біріктіре отырып, ұжымдық рухты нығайтудың айқын мысалы болып қала бермек, - деді ол.


Мерекелік шара барысында спортқа жаны құмар зауыттықтар асық ату, садақ ату, арқан тартыс және қой көтеру сынды ұлттық спорт түрлерінен бақтарын сынады. Сонымен қатар, ұлттық тағамдарды дайындаудан байқау ұйымдастырылды.

Наурызнама онкүндігі бойынша 20 наурыз «Ұлттық спорт» күні болып белгіленді. Ұлттық спортты насихаттау – ол әр қазақстандықтың негізгі міндеті болуы керек. Себебі, бүгінге дейін ұлттық ойындар тек Наурыз мейрамында ғана дәріптеліп жүрді. Алайда, бір қуантарлығы, өткен жылы Наурызнама онкүндігінің тұжырымдамасы енгізіліп, сол онкүндікке Ұлттық ойындар күні енгізілді. Бүгінде мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп, арнайы федерациялар құрылып, халықаралық деңгейде жарыстар ұйымдастырылуда, – деді садақшы Аман Егінбай.


Ал зауыт еңбеккерлері Наурыз мейрамы баршамызға ынтымақ пен сәттілік ала келіп, еліміз өркендей берсін деген ізгі тілектерін білдірді.

Шара көңілден шықты. Барлығы да жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Асық атып, садақ атуға мүмкіндік алдық. Келе жатқан Наурыз мейрамы баршамызға құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – дейді «ERG Service» Павлодар машина жасау зауытының дәнекерлеу-жинақтау цехының біліктеушісі Дархан Әбдірахманов.

Мерекелік шара соңында ұлттық ойындардың жеңімпаздарына зауыт басшылығының атынан бағалы сыйлықтар мен сертификаттар табылса, қой көтеруден жеңімпаз атанған қатысушы қойды өзімен алып кетті. Ал мейрамға келген қонақтар ұлттық тағам мен сусындардан ауыз тиіп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқады.

Айдана Боранбай

Жарнамалық материал